03.12.2024
- Холдинг туралы
Ағымдағы жылғы 18-22 сәуір аралығында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев үкіметтік делегация құрамында Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының АҚШ-тағы жыл сайынғы көктемгі кездесулеріне қатысты.
Көктемгі сессия аясында Қанат Шарлапаев АҚШ Халықаралық қаржы даму корпорациясының (U.S. International Development Finance Corporation, DFC) өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Корпорация дамушы әлемнің ең маңызды мәселелерін қаржыландыру үшін жеке сектормен қарым-қатынас жүргізеді. Кездесуге «Даму» КДҚ» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева да қатысты.
Қ. Шарлапаев әріптестеріне Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды, ШОБ пен инновациялық компанияларды қаржыландыру, экспорттық қолдау бағытындағы жұмысын таныстырды.
Кездесуге қатысушылар жобалық қаржыландыру, тікелей инвестициялар қорлар арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бірлесіп қатысу және тағы да басқа салалардағы инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады.
И.Скамнелоспен кездесу
Сонымен қатар, Холдинг басшысы Дүниежүзілік банктің Еуропа, Орталық Азиядағы жаһандық қаржылық, бәсекелестік және инновациялық қызмет бөлімшесінің басшысы Илиас Скамнелоспен (Ilias Skamnelos) ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Ол «Бәйтерек» холдингінің Қазақстандағы ШОБ-ты қолдау және «жасыл» жобаларды іске асыру бойынша қызметіне ерекше қызығушылық танытты. Тараптар келешектегі ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылау үшін Қазақстанда кездесуге уағдаласты.
Қ. Шарлапаевтың И. Клычниковамен кездесуі
Дүниежүзілік банктің Еуропа, Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы және азық-түлік бөлімшесінің жетекші экономисі Ирина Клычниковамен (Irina Klytchnikova) кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді қаржылай қолдаудың қолжетімділігі мен тиімділігі басты тақырып болды. Қанат Шарлапаев «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы Қазақстандағы ауыл шаруашылығына көрсетілетін қолдау шаралары туралы жан-жақты баяндап берді.
Сондай-ақ, Холдинг басшысы Қ. Шарлапаев Халықаралық қаржы корпорациясы (International Finance Corporation, IFC) өкілдері – вице-президент Стефани фон Фридебургпен (Stephanie von Friedeburg) және өңір бойынша вице-президент Хелла Чейхрохоумен (Hela Cheikhrouhou) іскерлік ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Дүниежүзілік банктің құрылымына кіретін IFC топ-менеджерлері ұлттық деңгейде экономиканың нақты секторларында жеке бизнесті дамыту және қолдау бағытында Холдингпен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, IFC мен «Бәйтерек» холдингінің міндеттері ұқсас: Холдинг сияқты Корпорация да дамушы нарықтардағы экономиканың нақты секторының өсуін ынталандыру арқылы жеке кәсіпкерлерді экономикалық дамытуға жәрдемдеседі.
Халықаралық қаржы құрылымдарының іс-шаралары шеңберінде қазақстандық делегация Pfizer, рейтингтік «үштік» - Moody’s, Standard&Poor’s, Fitch сияқты басқа да ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді.