12.06.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
11 маусым күні Женевада Қазақстанның жаһандық шикізат және аграрлық нарықтардағы рөліне арналған Kazakhstan Commodity Forum өтті. Форумға «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов қатысып, халықаралық инвестициялық қауымдастыққа Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен Холдингтің жаңа операциялық моделін таныстырды. Іс-шараға әлемнің жетекші трейдингтік компанияларының, қаржы институттарының және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
«Investment, Shipping & Financing» панельдік сессиясында сөз сөйлеген Тимур Онжанов еліміздің инвестициялық әлеуеті туралы айтып, Қазақстанның инвестициялық саясатын іске асырудағы негізгі қаржы институты ретінде «Бәйтерек» холдингінің рөлін атап өтті.
«Бәйтерек» – салалық талдау жүргізу мен жобалар портфелін қалыптастырудан бастап стратегиялық шетелдік инвесторларды тартуға және жобаны іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дейінгі толық циклді қамтитын инвестициялық институт», – деді Тимур Онжанов.
Спикер халықаралық инвесторлар үшін перспективалы бағыттардың бірі ретінде агроөнеркәсіп кешенін атап өтіп, Холдингтің Adal Fund L.P. мамандандырылған аграрлық қорын құру жөніндегі бастамасына тоқталды.
Форум аясында Тимур Онжанов ADM, Trafigura, COFCO International, Gunvor, Harvest Group, Torq Commodities, NCH Capital және басқа да халықаралық компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастық перспективалары мен Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады.
Сапар барысында Тимур Онжанов 9–10 маусым күндері Берлинде өткен SuperReturn халықаралық конференциясына да қатысты. Аталған конференция тікелей және венчурлік инвестициялар саласындағы әлемдегі ең ірі алаңдардың бірі болып саналады. Конференция аясында егеменді қорлардың өкілдерімен және тікелей инвестициялар қорларының басқарушы серіктестерімен кездесулер өтті.
Анықтама үшін: «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ тоғыз даму институтын біріктіреді және Қазақстанның экономикалық әрі инвестициялық саясатын іске асыратын негізгі қаржы институты болып табылады.