19.12.2024
- Холдинг туралы
2024 жылғы 15 мамырда Астанада Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға арналған Берлин Еуразиялық клубының мерейтойлық 40-отырысы өтті. «Жаңа институционалдық және құқықтық шеңберде шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы әріптестік туралы келісімді іске асыру» панельдік пікірталастың негізгі тақырыбы болды.
Өз сөзінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин Германиядан тікелей инвестициялар айтарлықтай өсіп, 2023 жылы 697 млн еуроны құрағанын айтты. Сондай-ақ геосаяси тұрақсыздық жағдайында өнеркәсіптік және инвестициялық салалардағы ынтымақтастыққа басымдық берілетінін атап өтті.
«Бүгінгі отырыс Германиямен, әсіресе агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және инфрақұрылымдық жобалар бойынша әріптестігімізді тереңдететін маңызды қадам болып табылады. Қазақстанның даму банкі және KazakhExport экспорттық кредиттік агенттігі сияқты даму институттарының арқасында біз өзара пайдалы және тұрақты экономикалық өсуге ықпал ететін ауқымды ортақ жобаларды іске асыратынымызға сенеміз», - деп толықтырды Холдинг басшысы.
Отырыста екіжақты тауарлық қатынас пен инвестициялық ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктері мен келешегі талқыланды, бұл екі ел арасындағы стратегиялық маңызды қатынастарды одан әрі дамытудың кілті болып табылады.
Анықтама үшін: Берлин Еуразиялық клубы еуразиялық интеграция идеясын қолдау және «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Германияға сапары кезінде құрылды. Содан бері Клуб Қазақстан, Германия және еуропаның көптеген елдері арасындағы тұрақты диалог платформасына айналды.