13.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Paryz Bridge еңбек нарығына жүргізілген тәуелсіз республикалық зерттеу қорытындысы бойынша «Үздік жұмыс беруші» номинациясының жеңімпазы атанды.
Холдинг қызметкерлер саны 500 адамға дейінгі ұйымдар арасында «Қаржы секторы» аталымында үздік деп танылды. Сонымен қатар, холдингтің еншілес ұйымдары да жоғары нәтиже көрсетті. Қызметкерлер саны 500 адамнан асатын ұйымдар арасында «Қаржы секторы» аталымында «Отбасы банк» АҚ екінші орынға ие болса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ үшінші орынға лайық деп танылды.
Paryz Bridge – Қазақстандағы еңбек нарығын кешенді бағалайтын ең ауқымды зерттеулердің бірі. Жобаны PARYZ жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы Қазақстанның HR-менеджерлер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Зерттеуге экономиканың тоғыз саласынан 100-ден астам компания мен еліміздің барлық өңірлерінен 100 мыңнан астам қызметкер қатысты.
Жұмыс берушілердің қызметі қызметкерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері негізінде бағаланды. Зерттеу барысында қызметкердің жұмысқа тартылу деңгейі, күйзеліс деңгейі және ұйымдардың HR-жетілгендігі сараланды. Қазақстанда алғаш рет бұл көрсеткіштер салалық бенчмарктер форматында ұсынылып, компанияларға өз нәтижелерін саладағы орташа көрсеткіштермен салыстыруға мүмкіндік берді.
«Бұл марапат – холдингтің бүкіл командасының бірлескен еңбегіне берілген жоғары баға. Біз корпоративтік мәдениетті жүйелі түрде дамытып, қызметкерлеріміздің кәсіби өсуіне тұрақты түрде инвестиция салып келеміз. Сондай-ақ әрбір маман өз әлеуетін толық жүзеге асырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатын қолайлы еңбек ортасын қалыптастыруға басымдық береміз. Әсіресе, қызметкерлердің өз пікіріне негізделген тәуелсіз зерттеу нәтижесінде осындай мойындауға ие болғанымыз біз үшін айрықша маңызды», – деді «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин.
Анықтамалық ақпарат:
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ – кәсіпкерлікті қаржыландыру, экспортты қолдау және тұрғын үй құрылысын дамыту арқылы Қазақстан экономикасының әртараптандырылуы мен орнықты өсуіне ықпал ететін ұлттық даму институты.