26.04.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
Машина жасау және металл өңдеу саласына арналған VI Халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қазақстан машина жасаушыларының XII форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, салалық бірлестіктер мен бизнес өкілдері қатысты.
Премьер-Министр өз сөзінде машина жасау саласының орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Соңғы бес жыл ішінде бұл саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 13%-дан 19%-ға дейін артып, өндіріс көлемі 4,6 трлн теңгеге жетті. Локализацияны арттыру, жасанды интеллект элементтерін қоса алғанда, заманауи технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті дамыту қажеттілігі де атап өтілді.
Пленарлық отырыс барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы баяндама жасап, Холдингтің отандық машина жасау саласына көрсетіп отырған қолдауының негізгі бағыттарын таныстырды.
Үкімет тапсырмаларын іске асыру аясында «Бәйтерек» холдингі 2025 жылы кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысын қолдауға, сондай-ақ басым ұлттық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр.
Қаржылық қолдау құралдарының тиімділігін арттыру және қаржыландыру шарттарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Холдингтің еншілес және тәуелді ұйымдары тарапынан жылдық 12,6% мөлшеріндегі бірыңғай пайыздық мөлшерлеме енгізілді. Бұл тәсіл өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың қаржы ресурстарына тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін несие ресурстарының қолжетімділігін кеңейту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры машина жасау саласындағы жобалар бойынша 85%-ға дейін кепілдік беруді қарастырған. Ұсынылатын кепілдіктердің қайтарымсыз және сөзсіз сипаты екінші деңгейлі банктердің өндірістік жобаларды қаржыландыруға белсенді қатысуына және кредиттік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
«Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобына кіретін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ машина жасау өндірісінің жоғары технологиялылығын және оның еліміздің экономикасына ұзақ мерзімді әсерін ескере отырып, бұл саланы жүйелі негізде қолдап келеді. Қор өңдеу өнеркәсібін дамыту шеңберінде машина жасау саласында жалпы сомасы 453 млрд теңгеден асатын 27 жобаны қаржыландырды.
Аталған қолдау отандық кәсіпорындарға заманауи жабдықтармен жабдықталуға мүмкіндік беріп, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге, ел өңірлерінде автокөлік техникасын жаңартуға, сондай-ақ экономиканың негізгі салаларындағы техникалық жарақтандыру деңгейін арттыруға септігін тигізді.
«Бүгінгі таңда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ өндірісті жергіліктендіруді арттыруға бағытталған жобаларды қолдауда. Бұл өз кезегінде жергілікті қамтудың артуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, бюджетке түсетін салықтардың көбеюіне ықпал етеді. Жаңа технологиялық операцияларды кезең-кезеңімен енгізу бүкіл ел экономикасы үшін ұзақ мерзімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Қор басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайдильдин.
Форум аясында өндірісті жергіліктендіруді тереңдету, жаңа технологияларды игеру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және инвестициялар тарту тетіктері талқыланды. Көрмеде 20 елден келген 200-ден астам компания өз жетістіктерін, оның ішінде көлік, қорғаныс және энергетика өнеркәсібіндегі жаңа әзірлемелерін таныстырды.