19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Ақмола облысындағы «Еңбек» ЖШС-нің демонстрациялық алаңдарында өткен «Jańa Dala / Green Day 2024» мамандандырылған халықаралық көрмесіне қатысты. Бұл іс-шара агробизнес үшін маңызды алаң болып табылады, онда заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары мен жоғары өнімді техника, сондай-ақ мал шаруашылығындағы, селекциядағы жетістіктер және ветеринария мен өсімдіктерді қорғау саласындағы инновациялық әзірлемелер көрсетіледі.
Ашылу салтанатына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс, Австрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Вилли Кемпель, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев және ірі ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
«Jańa Dala» көрмесінде соңғы әзірлемелер мен технологияларды таныстыру, сондай-ақ тәжірибе және білім алмасу үшін әртүрлі елдердің үздік мамандары мен компаниялары жиналды. Біздің еншілес ұйымдарымыздың қатысуы «Бәйтерек» холдингінің Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан елеулі үлесін айғақтап отыр», - деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев.
Көрмеде Холдингтің жер игерушілерге кешенді қолдау көрсететін еншілес ұйымдары: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК), «ҚазАгроҚаржы» АҚ (ҚАҚ) және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ павильондары ұсынылды. Бұл іс-шара барысында аталған ұйымдардың өкілдері фермерлерге жеңілдікпен кредит беруге бағытталған «Кең дала 2» және Жеңілдікті лизинг бағдарламалары бойынша қатысушыларға кеңес берді.
2024 жылғы 01 шілдедегі жағдай бойынша Холдингтің АӨК саласындағы еншілес ұйымдары агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға 407,8 млрд теңге қаражат бөлді, бұл 515 млрд теңгені құрайтын жылдық жоспардың 79%-ы. АНК жастарға микрокредит беру жөніндегі агенттік қызметтер шеңберінде 812 млн теңге берді, осылайша жиынтық сома 408,6 млрд теңгені құрады. 2023 жылы АНК мен ҚАҚ арқылы АӨК-ті қаржыландыру көлемі 529,1 млрд теңгені құрады, бұл жылдық жоспардан 112%-ға асып түсті.
2024 жылғы 1 шілдеге арналған ауыл шаруашылығы техникасы лизингі бағдарламасы бойынша 79,6 млрд теңге сомасына 4 965 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қаржы лизингі шарттары жасалды. 2023 жылы 7 710 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын алуға 178 млрд теңге сомасына қаржы лизингі шарттары жасалды, бұл жылдық жоспардан 105%-ға асып түсті.