19.12.2024
- Холдинг туралы
Құрметті қазақстандықтар! «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен оның еншілес ұйымдарының ұжымы елдегі қайғылы оқиғаларды зор күйзеліспен қабылдады. Біз отандастарымыздың табандылығына сенімдіміз және осы дағдарысты еңсере алатынымызға кәміл сенеміз.
Әріптестерімнің атынан тәртіпсіздіктер барысында қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің, бейбіт тұрғындардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын.
Біз сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның елдегі жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларын толық қолдаймыз. Біз бұл қадамдарды осы қиын кезеңде уақтылы және қажет деп санаймыз.
Холдинг пен еншілес ұйымдардың міндеттеріне қалалар мен ауылдардағы кәсіпкерлерді, сондай-ақ қолжетімді тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтарды қолдау кіретінін айтқым келеді. Біз өз тарапымыздан тәртіпсіздіктерден зардап шеккен кәсіпкерлерге қиын кезеңдерді жеңуге көмек көрсетуге дайынбыз.
«Бәйтерек» холдингінің ұжымы Алматыдағы оқиғалардан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір күндік жалақысын аударуға шешім қабылдады.
Шағын және орта бизнесті қолдаумен айналысатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әрбір кәсіпкерге жеке тәртіпте қолдау көрсетуге дайын.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап ТЖ режимі аяқталғанға, яғни 19 қаңтарға дейін корпорация мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының кредиттері бойынша мерзімі өткен төлемдер үшін өсімпұл мен айыппұл есептемейді.
«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ ТЖ режимінің әрекет ету кезеңінде қазақстандық экспорттаушыларды қолдауды жалғастыруда және барлық қолданыстағы шарттар бойынша өз клиенттерінің сақтандырумен қорғалуын қамтамасыз етеді. Сақтандыру сыйлықақыларын уақтылы төлемеген кезде сақтандырумен қорғалуының қолданылуы тоқтатылмайтын болады. Сақтандыру жағдайының басталу тәуекелі кезінде клиенттер толық кеңес алу үшін менеджерлерге жүгіне алады.
Сонымен қатар, «Отбасы банк» АҚ және «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ ТЖ кезеңінде барлық қарыздар бойынша төлем мерзімін кешіктіргені және ай сайынғы жоспарлы төлемдерді уақтылы өтемегені үшін өсімпұл мен айыппұл есептемейді.
Біз сонымен қатар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қаңтарда берген тапсырмасы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске қосамыз. Бұл халықтың осал топтары үшін үлкен қолдау.
Көп ұзамай біз қалыпты өмірге оралатынымызға сенімдімін. Елімізде тыныштық пен бейбіт өмір болсын! Өздеріңізді сақтаңыздар!