13.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов Премьер-Министрдің орынбасары әрі Көлік министрі Әсел Жанасова бастаған Қазақстан делегациясының құрамында Вашингтонға барды. Сапар барысында ол халықаралық инвесторлармен және қаржы институттарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Сапардағы негізгі кездесулердің бірі BlackRock өкілдерімен өтті. BlackRock әлемдегі ең ірі инвестициялық компаниялардың қатарына кіреді. Тараптар Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, көлік-логистика инфрақұрылымы, энергетика, сумен жабдықтау және деректерді өңдеу орталықтарына қатысты жобалар қаралды.
Тимур Онжанов BlackRock құрамындағы Global Infrastructure Partners (GIP) компаниясының өкілдерімен де жеке кездесті. Келіссөздерде Транскаспий халықаралық көлік бағытына қатысты жобалар, энергетикалық және цифрлық инфрақұрылым жобалары, сондай-ақ Temasek, L’IMAD және ADNOC қатысатын халықаралық инвестициялық платформамен әріптестік орнату мүмкіндігі қаралды. Холдингтің BlackRock компаниясының Орталық Азияға бағытталған инвестициялық бастамаларына қатысу мүмкіндігі де талқыланды.
Сапар барысында Тимур Онжанов АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі қаржы корпорациясының (DFC) өкілдерімен де кездесті. Бұл кездесу Холдингтің АҚШ қаржы институттарымен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келіссөздерінің жалғасы болды.
«Бүгінде біз әлемнің ірі инвесторларымен әріптестік орнатып, ең алдымен нақты нәтижеге мән беріп отырмыз. Қазақстанда ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол. «Бәйтерек» холдингі осындай жобаларда сенімді қаржылық серіктес болуға дайын. Біздің міндетіміз – халықаралық капиталды экономиканың нақты секторын дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және елдің инвестициялық әлеуетін арттыруға жұмылдыру», – деді Тимур Онжанов.
Тимур Онжанов Siguler Guff өкілдерімен де жеке кездесті. Тараптар инфрақұрылымға инвестиция салу жөніндегі келіссөздерді жалғастырып, Қазақстанда заманауи логистика инфрақұрылымын құруға назар аударды. Атап айтқанда, халықаралық тәжірибені пайдаланып, жеке капиталды тарта отырып, А санатындағы қойма кешендерінің желісін дамыту жобалары қаралды.
Тимур Онжанов Tenfore Holdings компаниясының негізін қалаушы Дэн Левинмен де келіссөз жүргізді. Тараптар Холдингтің еншілес ұйымы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) қатысуымен технологиялық жобаларға бірлесіп инвестиция салу мүмкіндіктерін талқылады.
Тараптар ауыл шаруашылығын цифрландыру, су ресурстарын басқарудың зияткерлік жүйелері, дәлме-дәл егіншілік және заманауи логистика технологиялары бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, технологияларын Қазақстанда қолдануға болатын KETOS, Agerpoint және Aperia компанияларымен ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Сапар барысында Brookfield, Orion Resource Partners және Marriott International өкілдерімен де қысқаша кездесулер өтті.
Тимур Онжанов B20 USA халықаралық саммитіне және Қазақстан мен АҚШ-тың іскерлік дөңгелек үстеліне қатысты. Дөңгелек үстелді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы және АҚШ Сауда палатасы ұйымдастырды. Қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегін, көлік дәліздерін, энергетика мен цифрлық технологияларды дамыту және аса маңызды минералдарды өңдеу мәселелерін талқылады.
Вашингтондағы кездесулер «Бәйтерек» холдингінің халықаралық инвестициялық әріптестікті кеңейту жөніндегі жүйелі жұмысының жалғасы болды. Трансформация аясында Холдинг шетелдік капитал тартуға, ірі жобаларды құрылымдауға және бірлесіп қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге күш салып отыр.
Анықтама
BlackRock – АҚШ-та орналасқан халықаралық инвестициялық компания. Институционалдық және жеке инвесторлардың активтерін басқарады, инвестициялық шешімдер мен қаржы технологияларын ұсынады.
DFC – АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі қаржы корпорациясы, шетелдегі жобаларды қаржыландыратын мемлекеттік институт. Жеке инвестиция тарту үшін несие береді, капиталға инвестиция салады және сақтандыру құралдарын ұсынады.
Global Infrastructure Partners (GIP) – BlackRock құрамындағы инфрақұрылымдық инвестицияларға маманданған компания. Энергетика, көлік және цифрлық инфрақұрылым активтеріне, сондай-ақ сумен жабдықтау және қалдықтарды басқару нысандарына инвестиция салады.
Temasek – Бас кеңсесі Сингапурда орналасқан жаһандық инвестициялық компания. Түрлі салалардағы компаниялар мен активтерге ұзақ мерзімге қаржы салып, әртараптандырылған инвестициялық портфель қалыптастырады.
L’IMAD – Абу-Даби үкіметінің егемен инвестициялық платформасы. Ішкі және халықаралық нарықтардағы, соның ішінде инфрақұрылым мен өнеркәсіп салаларындағы инвестицияларды басқарады.
ADNOC – Абу-Дабидің ұлттық мұнай компаниясы, энергетика және мұнай-химия салаларында жұмыс істейтін мемлекеттік топ. Көмірсутектерді барлаумен, өндірумен және өңдеумен айналысады, энергетикалық инфрақұрылымды дамытады.
Siguler Guff – Жеке капитал нарықтарына маманданған халықаралық инвестициялық компания. Өз қорлары, басқа басқарушы компаниялардың қорлары және жеке инвестициялық бағдарламалар арқылы қаржы салады.
Tenfore Holdings – Нью-Йоркте орналасқан инвестициялық компания. Негізін қалаушы – Дэн Левин. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, денсаулық сақтау және су шаруашылығы салаларындағы технологиялық компаниялардың дамуын қаржыландырады.
KETOS – Судың сапасын автоматты түрде бақылайтын жүйелер әзірлейтін технологиялық компания. Су сапасының көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде бақылау үшін датчиктерді, бағдарламалық қамтамасыз етуді және деректерді талдау құралдарын бір жүйеге біріктіреді.
Agerpoint – Ауыл шаруашылығына арналған цифрлық шешімдер әзірлейтін технологиялық компания. Өсімдіктердің жай-күйін бағалау және агрономиялық шешімдер қабылдауға көмектесу үшін алқапта жүргізілген өлшеулердің деректері мен жасанды интеллектіні пайдаланады.
Aperia Technologies (Aperia) – Коммерциялық көлік шиналарына автоматты түрде ауа толтыратын және шинадағы қысымды бақылайтын жүйелерді әзірлейді. Компанияның шешімдері тасымал қауіпсіздігін арттыруға, отын шығынын және автопарктегі көліктердің бос тұру уақытын азайтуға көмектеседі.
Brookfield – Ұзақ мерзімді инвестициялар мен активтерді басқаруға маманданған халықаралық инвестициялық топ. Инфрақұрылым, жылжымайтын мүлік, энергетика және жеке инвестициялардың басқа бағыттары бойынша жұмыс істейді.
Orion Resource Partners – Металдар мен минералдық ресурстарға маманданған халықаралық инвестициялық компания. Шикізат секторындағы компаниялар мен жобаларды, соның ішінде аса маңызды минералдарға қатысты жобаларды капиталмен қамтамасыз етеді.
Marriott International – АҚШ-та орналасқан халықаралық қонақүй компаниясы. Қонақүй брендтерінің портфелін дамытады, қонақүйлерді басқарады және франчайзинг арқылы өз брендтерімен жұмыс істеу құқығын береді.