Сұрақ-жауап
1408 Call-орталығы
А А

05.06.2026

«Бәйтерек» 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 1,2 трлн теңгеден астам қаржы бағыттайды

Кеңес ал!

05.06.2026

«Бәйтерек» 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 1,2 трлн теңгеден астам қаржы бағыттайды

«Бәйтерек» 2026 жылы агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 1,2 трлн теңгеден астам қаржы бағыттайды

фото: Үкімет Баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин делегация құрамында өңірдегі бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, облыс аграршыларымен кездесті.

Сапар барысында қатысушылар агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен, ауыл шаруашылығы өндірісін техникалық жаңғырту мәселелерімен және көктемгі егіс науқанын аяқтау жұмыстарының жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау тетіктеріне, еңбек өнімділігін арттыруға және қайта өңдеу қуаттарын дамытуға ерекше назар аударылды.

Өндірістік нысандарды аралау қорытындысы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Кеңесте «Бәйтерек» холдингінің басшысы аграршыларды қаржылай қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Премьер-Министр агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жауапкершілігімен және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуімен ұштасуы қажет екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат тиімділік пен аграршылардың адалдық қағидаттарына негізделіп қалыптастырылады. Сонымен қатар әкімдіктер бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында аграрлық өндірістің барлық кезеңіне – егістіктен бастап сауда сөресіне дейін цифрлық құралдарды енгізу талап етіледі. Сондай-ақ ауыл-аймақта жайлы өмір сүруге жағдайлар жасау маңызды. Зенченко, Ералиев, Сауэр, Құрманқұлов шаруашылықтарының ауылдары секілді мысалдар елімізде аз емес, алайда олардың саны арта түсуі тиіс. Мемлекет олардың дамуын жан-жақты қолдап, ынталандыратын болады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 1,2 трлн теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарланып отыр, оның 699 млрд теңгесі бүгінде игерілген. Өткен жылдың соңында басталған ерте қаржыландыруды ескере отырып, егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 750 млрд теңгеге дейін қаражат қарастырылған.

Қазіргі таңда фермерлерге шамамен 6,8 млн гектар егіс алқабын қамтитын 573 млрд теңге көлемінде несие берілді. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 1,3 млн гектардан астам жерді өңдеуге 118 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында «Даму» қоры 232 млрд теңге сомасына 1,7 мың кепілдік ұсынып, нәтижесінде фермерлер 273 млрд теңге көлемінде несие алды. Бұл жалпы кредиттеу көлемінің 48%-ын құрайды.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға биыл 310 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы құны 212 млрд теңге болатын 6,3 мың техника бірлігі бойынша келісімшарттар жасалды. Оның 90%-ы – отандық өндірістің техникасы.

«Бәйтерек» холдингі саланы қолдаудың жаңа бағыттарын да дамытуда. Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында Аграрлық несие корпорациясы арқылы инвестициялық мақсаттарға 220 млрд теңгеге дейін қаржы бөлу көзделген. Аталған қолдау тетіктеріне асыл тұқымды мал сатып алуға арналған жеңілдетілген «Игілік» және «Береке» бағдарламалары, сондай-ақ жылдық 6% мөлшерлемемен етті мал шаруашылығы жобаларын қаржыландыратын «Жайлау» бағдарламасы кіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, алдағы кезеңде элеваторлар салу және оларды жаңғырту жобаларын қаржыландыру басталады. Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін енгізуге арналған қаржыландыру бағдарламасын бекітті.

Өткен жылдың соңында «Бәйтерек» инвестициялық холдинг мәртебесіне ие болды. Бұл өзгеріс проактивті инвестициялық саясатқа көшуді және экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобаларды белсенді сүйемелдеуді көздейді.

«Қазіргі уақытта “Инвестицияларға тапсырыс” бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 3 трлн теңгені құрайтын 250-ге жуық жобаны іске асыру мәселесі пысықталуда. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны шамамен 180 млрд теңге болатын 17 жоба бар. Холдинг инвестициялық жобалардың бастамашыларымен тікелей жұмыс істеуге, жобаларды құрылымдауға және еншілес ұйымдар арқылы оларды қаржыландыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын», – деп атап өтті Рустам Қарагойшин.

«Бәйтерек» холдингі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жұмысын одан әрі жалғастырады. Холдинг егіс және егін жинау науқандарын қаржыландырудан бастап ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша кешенді қаржылық қолдау көрсетіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңірлердегі инвестициялық белсенділікті арттыруға үлес қоса береді.

Анықтама үшін:

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ – кәсіпкерлікті қолдау, экономиканың нақты секторын дамыту және инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын, бірқатар еншілес қаржы ұйымдарын біріктіретін ұлттық даму институты.

Холдинг құрамында агроөнеркәсіптік кешенді қолдау міндетін Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы жүзеге асырады. Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, асыл тұқымды мал сатып алуға және салалық инвестициялық жобаларды іске асыруға жеңілдетілген қаржыландыру ұсынады. Ал ҚазАгроҚаржы заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын қаржыландыру және лизингке беру құралдарын жүзеге асырады.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар