19.12.2024
- Холдинг туралы
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған жұмыс сапарының аясында «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) мен Абу-Даби ADQ тәуелсіз қоры DisruptAD жеке венчурлік платформасы арқылы ADQ-KCM бірлескен венчурлік қорын құру туралы уағдаласты.
Қор инновациялық компанияларға ерте және одан кейінгі кезеңдерде, сондай-ақ өсу әлеуеті жоғары және бизнес моделі тұрақты кәсіпорындарға бірлескен инвестицияларды жүзеге асыруға назар аударатын болады. Қордың инвестициялары даму институттарының миссияларына сәйкес келетін және өңірлік сын-қатерлерге жауап беретін жобаларды қолдауға бағытталатын болады.
ADQ-KCM қорының жоспарланған капиталдандырылуы - 100 миллион АҚШ доллары. Бастапқы инвестициялар тепе-теңдік негізінде 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Қорға одан әрі инвестиция салу бастапқы қаражаттың игерілуіне қарай серіктестермен келісілетін болады.
Қордың салымдары салаларды цифрлық трансформациялауды іске асыру үшін технологиялық инновацияларды енгізу әлеуеті бар жобаларға жүргізілетін болады. Құрылатын қордың негізгі шарттарына сәйкес жобалар IT, қаржы технологиясы, агротехнология, B2B және B2C, инфрақұрылымдық технологиялар және телекоммуникациялар, тамақ өнімдерін өндіру технологиялары, платформалық шешімдер және цифрлық трансформация салаларында болады.
Жаңа қордың аясындағы ADQ-мен серіктестік Қазақстандағы венчурлік инвестициялар нарығын дамыту үшін қосымша қаржылық қолдау көрсетеді және елдердің арасындағы инвестициялық ағындардың өсу катализаторына айналады.
«Қазына Капитал Менеджмент» АҚ – 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорларының қоры, оның негізгі мақсаты Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына көмектесу мақсатында Қазақстанда private equity инфрақұрылымын дамыту болып табылады. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы болып табылады. Қосымша ақпаратты https://kcm-kazyna.kz/ сайтынан табуға болады.
Abu Dhabi Development Holding Company (ADQ) – Абу-Даби тәуелсіз қоры. ADQ қоры өңдеу және өндіру өнеркәсібі, АӨК, көлік және логистика, қаржы, туризм, медиа және энергетика сияқты секторларда кеңінен ұсынылған. Қордың басқаруында $175 млрд астам көлемдегі активтер бар. Қосымша ақпаратты https://adq.ae/ сайтынан табуға болады.