19.12.2024
- Холдинг туралы
Жалғыз акционері «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ болып табылатын «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Азия-Тынық мұхиты аймағын дамытудың қаржы институттары қауымдастығының (ADFIAP) 46-шы Жылдық жиналысының жұмысына қатысып, ресми түрде осы ұйымның мүшесі мәртебесіне ие болды.
ADFIAP — БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік кеңесі жанындағы консультативтік мәртебесі бар үкіметтік емес ұйым. Оның қызметі өңірдегі тұрақты экономикалық, экологиялық, әлеуметтік даму мен өсуге жәрдемдесуге бағытталған. Оған Азия мен Океанияның 38 елінен 90-ға жуық қаржы институттары кіреді.
Биылғы жылы іс-шараның басты тақырыптарының бірі тұрақты инфрақұрылым болды. Жиналыс аясында Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров бастаған Банк делегациясы халықаралық даму институттарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Еуразиялық Даму Банкінің, Африка Қаржы Корпорациясының, Оман Даму Банкінің және басқа да ұйымдардың басшыларымен, сондай-ақ ADFIAP хатшылығымен екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Банк Басқармасы Төрағасының орынбасары Марат Елибаев тұрақты инфрақұрылым саласындағы жобаларды қаржыландыру жалпы кредиттік портфельдің 23%-ын құрайтынын айтты. Қолдау тапқан жобалардың қатарына, мысалы, Ақтау теңіз сауда портын кеңейту, ел өңірлеріндегі елді мекендерді газдандыру, сондай-ақ «Сарыарқа» магистралдық газ құбырын салу жатады.
Сондай-ақ Банк жаңартылатын энергия көздері секторын қолдайды, мұнда қаржыландырылған жобалардың көлемі ағымдағы жылдың мамыр айына қарай шамамен 400 млн долларды құрады. Бұл жобалардың жалпы белгіленген қуаты 560 МВт-қа жетеді, бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы барлық ЖЭК жобаларының қуатының төрттен біріне сәйкес келеді.
Бұл ретте Банк Қазақстанның энергетикалық және көлік инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыру үшін отандық және шетелдік инвесторлармен белсенді ынтымақтаса отырып, жалпы инфрақұрылымды дамыту сияқты осы секторды қолдауды жалғастыруда.