Кеңес ал!

22.05.2026

Астанада отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы Ulttyq Ónim-2026 көрмесі басталды

Астанада отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы Ulttyq Ónim-2026 көрмесі басталды

Елордадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің дәстүрлі «Ulttyq Ónim» көрмесі IX рет жұмысын бастады.

Бұл көрме – өз тарихындағы ең ауқымдысы. Биыл еліміздің бар өңірінен 600-ден астам кәсіпорын қатысады. Іс-шараны ұйымдастырушы: «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымы).

Ulttyq Ónim – мемлекеттен қолдау алған қазақстандық компаниялардың тауарлары мен қызметтерін таныстырып, насихаттауға арналған ең ірі көрме алаңдарының бірі.

Көрмеде азық-түлік, жеңіл-ауыр және химия өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз және құрылыс сияқты көптеген салалардағы кәсіпорындардың өнімдері ұсынылған. Биыл алғаш рет қызмет көрсету саласы кірді. Оның аясында медицина, білім беру, туризм, IT және креативті индустриядағы кәсіпорындар өз жетістіктерін таныстыруда.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин отандық кәсіпкерлікті жүйелі қолдау, өндірісті дамыту, шағын және орта бизнес мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқып берді.

«Президентіміз Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканың өсуіне тың серпін беріп отырған шағын және орта бизнесті дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен оған қолайлы жағдай жасауға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге және еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде шағын және орта бизнестің елэкономикасындағы үлесі 40%-ға жетіп, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 4,5 миллион адамды құрайды. Өздеріңіз білетіндей, жаңа Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Отандық тауар өндірушілер осы аталған қағидаттарды жүзеге асырудың жарқын үлгісі болып отыр. Кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында өндірістік бастамаларды, оның ішінде импортты алмастыру мен экспорттық әлеуетті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарынбарынша дамыту ісі жалғасын табатын болады», – деп құттықтау хатта жазылған.

Көрмені аралау барысында Серік Жұманғарин бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты. Солардың бірі – мектеп жиһаздарын, кеңсе креслолары мен орындықтарын шығаратын «Феникс» жиһаз фабрикасы. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын жаңа жабдық сатып алып, өндіріс қуатын арттырды және жұмыс орындарының санын 15-тен 60-қа дейін көбейтті.

Бүгінде фабрика жылына 60 мыңға дейін орындық, шамамен 40 мың дана мектеп жиһазы, 7 мың кеңсе креслосы және өзге де жиһаз өнімдерін шығарады. Өнім құрамындағы қазақстандық үлес 96%-ды құрайды, яғни кәсіпорын негізінен отандық шикізатты пайдаланады. Павлодар қаласында орналасқан өндіріс орны өз өнімдерін еліміздің бар өңіріндегі білім беру мекемелеріне жеткізеді.

Сондай-ақ министр машина жасау, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы кәсіпорындардың өнімдерімен және әзірлемелерімен танысты. Бұл компаниялар отандық тауар шығарып, жергілікті компаниялардың шикізатын пайдаланып, импортты алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің экспорттық әлеуетін дамытуға үлес қосуда.

«Елімізде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Қаржыландыруға мүмкіндікті молайту және кәсіпкерлерді көптеп қолдау мақсатында «Даму» Қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жабдықтарын жаңғыртуға арналған «Өрлеу» және «Өрлеу-лизинг» жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы нарықтық қолдау тетіктері күшейтілді. Бұдан бөлек, шағын қалалар мен ауылдардағы микро және шағын бизнеске кешенді қолдау көрсетуге арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Қордың өңірлік филиалдары базасында «Бәйтерек» холдингінің бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша Бірыңғай фронт-офистер құрылды. Ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-офистер – кәсіпкерлерге кеңес беру үшін арнайы жабдықталған микроавтобустар іске қосылуда. Тек 2025 жылдың өзінде «Даму» қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нәтижесінде жалпы несие көлемі 2,2 трлн теңгені құрайтын шамамен 13 мың жоба қолдау тапты. Осы шаралардың арқасында 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталды. Кәсіпорындар 27,7 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке шамамен 2 трлн теңге көлемінде салық түсті», – деді «Даму» қоры басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.

Көрме аясында отандық өндірушілерді, инвесторларды, мемлекеттік және қаржы институттарын, сондай-ақ халықаралық сарапшыларды біріктіретін мазмұнды іскерлік бағдарлама ұйымдастырылған.

Көрме барысында:

  • жетекші сарапшылардың, банк топ-менеджерлерінің, халықаралық ұйымдар өкілдерінің және бизнесті қолдау саласындағы шетелдік мамандардың қатысуымен панельдік сессиялар;
  • мемлекеттік орган басшыларының, әлеуетті инвесторлардың, ірі бизнес өкілдерінің және клиенттердің қатысуымен нетворкинг, тәжірибе алмасу және B2B кездесулер алаңы;
  • франчайзинг, команда жасақтау, салық салу және бизнесте жасанды интеллект қолдану бойынша тегін шеберлік сабақтары өткізіледі.

Сонымен қатар қонақтарды танымал әртістер мен блогерлердің қатысуымен концерт, «Халық таңдауы» онлайн-байқауы және келушілер арасында бағалы сыйлықтар ұтысы күтеді. Ulttyq Ónim алаңында отандық өнімдерді өндіруші бағасымен тікелей сатып алуға болады.

Көрме Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Бәйтерек» холдингінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтуде. Бас демеушілер – Halyk Bank және Freedom Bank. Сондай-ақ Банк ЦентрКредит, Еуразиялық банк, Bereke Bank, KMF және басқа да компаниялар демеушілік қолдау көрсетті.

Көрме 24 мамырға дейін жалғасады.

Іс-шара бағдарламасы: (https://ulttyqonim.kz/) сайтында. Кіру тегін.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар