Кеңес ал!

12.05.2026

Астанада Берн одағының көктемгі отырысы өтіп жатыр

Астанада Берн одағының көктемгі отырысы өтіп жатыр

Астанада экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру саласындағы ең ірі халықаралық ұйым - Берн одағының көктемгі отырысы басталды. Мұндай ауқымдағы форум Орталық Азия өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Беделді халықаралық алаңның жұмысына әлемнің 70-тен астам елінен шамамен 240 делегат қатысуда. Астанаға жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттарының және жаһандық сақтандыру корпорацияларының басшылары келді.

Пленарлық отырыстың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қатысты.

«Мемлекет басшысы инвестициялық ахуалды жақсартуға әрдайым айрықша мән беріп келеді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде ұлттық экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғырту жұмысын жалғастыруда. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд АҚШ долларын құрады. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға артып, тарихи ең жоғары көрсеткіш - 43,5 млрд долларға жетті. 2025 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 144 млрд долларға дейін ұлғайды. Отандық өнімдердің экспорт географиясы мен тауарлық номенклатурасы кеңейіп келеді. Қазір қазақстандық тауарлар әлемнің 127 еліне экспортталады, ал экспортталатын белсенді тауар түрлерінің саны 4 мыңға жуықтады», - деді Үкімет басшысы отырысты аша отырып.

Берн одағының президенті Юичиро Акита форумның Қазақстанда өтуінің маңыздылығына тоқталып, жаһандық тұрақсыздық жағдайында халықаралық сауданың рөліне назар аударды.

«Берн одағы атынан сіздерді Астанада қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. Осы іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Үкіметіне шынайы алғысымызды білдіреміз. Қазақстан мен Орталық Азия - Ұлы Жібек жолы бойында сан түрлі өркениеттер тоғысқан тарихи өңір. Сол кезеңнің өзінде саудагерлер тәуекелдер мен белгісіздік туралы ойланған деп есептеймін. Осы бай тарихқа көз жүгірткен сайын, сауданың маңызын тереңірек түсіне түсеміз», - деді Юичиро Акита.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин өз сөзінде қазіргі әлемдік экономикадағы экспорттық-кредиттік агенттіктердің рөлі түбегейлі өзгергенін атап өтті.

«Бүгінде біз белгісіздік қалыпты құбылысқа айналған кезеңде өмір сүріп отырмыз: жеткізу тізбектері өзгеруде, инвестициялар тартылатын жаңа орталықтар қалыптасуда, нарықтар мен технологиялар үшін бәсеке күшейіп келеді. Мұндай жағдайда экспорттық-кредиттік агенттіктердің рөлі сақтандыру шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Бүгінде сіздер инвестиция салуға, экспортты дамытуға және ұзақмерзімді жобаларды іске асыруға сенім қалыптастыратын институттарға айналдыңыздар. Шын мәнінде, біз бәріміз әлемдік сауда мен инвестициялар үшін тұрақты әрі болжамды болашақ қалыптастырып жатырмыз», - деді Холдинг басшысы.

Оның айтуынша, жаңа өндірістерді, инфрақұрылымдық жобаларды және экспорт бағыттарын дамыту үшін ең алдымен серіктестік пен өзара сенім қажет.

«Қазіргі таңда «Бәйтерек» терең трансформация кезеңінен өтуде. Біз жобаларға жай ғана жауап беретін құрылымнан оларды өзіміз қалыптастыратын проактивті инвестициялық холдинг моделіне көшіп жатырмыз. Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, 2032 жылға дейінгі жалпы құны шамамен 170 млрд доллар болатын жобалар пулы жасақталды. Бүгінде экономиканы әртараптандыру ұғымы жаһандық трендке айналды. Алайда Қазақстан мен Холдинг үшін бұл жай ғана үрдіске ілесу емес, бұл - саналы таңдау. Біз бизнестің тұрақты дамуы мен ұзақмерзімді өсіміне жағдай жасауға басымдық береміз. Осы тұрғыда Берн одағына мүше ұйымдардың рөлі айрықша маңызды. Қазіргі кезеңде ірі жобаларды халықаралық кооперациясыз, технология трансферінсіз және шетелдік инвесторлардың қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес», - деді Рустам Қарагойшин.

Отырыс аясында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мен Türk Eximbank, Saudi EXIM Bank, BAEZ және ASHRA секілді ірі халықаралық қаржы институттары арасында стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Құжаттар экспорттық тәуекелдерді өзара қайта сақтандыру тетіктерін дамытуға, инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруға, сондай-ақ қазақстандық шикізаттық емес экспортты Таяу Шығыс пен Еуропа нарықтарына ілгерілетуге бағытталған.

Іскерлік бағдарлама аясында «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов «Орталық Азиядағы инвестициялар мен стратегия: компания басшыларының дөңгелек үстелі» атты панельдік сессияда сөз сөйледі. Аталған алаңда өңірдегі инвестициялық ынтымақтастық, тұрақты өсім және сауданы дамыту мәселелері талқыланды.

Пікірталас барысында Тимур Онжанов Қазақстандағы халықаралық қаржыландыру үшін ең перспективалы бағыттар ретінде инфрақұрылым мен логистиканы, энергетиканы, өңдеу өнеркәсібін, стратегиялық маңызы бар минералдар мен агроөңдеу салаларын атады. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, экспорттық әлеуеті бар өндірістерді жергіліктендіруге, мемлекеттік қолдау тетіктері мен халықаралық қаржыландыруды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингінің басшылығы Инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі ислам корпорациясы (ICIEC), TurkExim және Дүниежүзілік банктің Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттігі (MIGA) өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында бірлескен жобаларды дамыту, экспорттық операцияларды сақтандыру, инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Қазақстанмен ынтымақтастық перспективалары жөнінде Инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі ислам корпорациясының бас атқарушы директоры Халид Халафалла да пікір білдірді.

«Біз Қазақстанның тек Орталық Азияда ғана емес, жаһандық деңгейде де экономикалық әлеуеті артып келе жатқан мемлекет ретінде белсенді рөл атқарып отырғанын көріп отырмыз. Біз көп жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеміз - ICIEC пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 12 млрд АҚШ долларын құрайды. Алматы қаласында Халықаралық даму банкінің өңірлік өкілдігінің ашылуын ерекше атап өткім келеді. Бұл ұйымның Қазақстандағы қатысуын көрсетіп қана қоймай, еліңіздің халықаралық ынтымақтастықтағы маңызды рөлін айқындай түседі», - деді Халид Халафалла.

Берн одағының көктемгі отырысы Астанада 11-15 мамыр аралығында өтеді. Бағдарлама аясында пленарлық және панельдік сессиялар, бейінді комитеттердің отырыстары, сондай-ақ жаһандық сауда, экспорттық қаржыландыру, инвестициялық ынтымақтастық және орнықты даму мәселелері талқыланады.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар