10.10.2024
- Холдинг туралы
Бүгін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ басшылығымен және осы компаниялар филиалдарының директорларымен кездесті.
Кездесуде Қанат Шарлапаев бір жылдан астам уақыт бұрын «Қазагро» еншілес ұйымдары «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобына кіргенін еске салды. Осы уақыт ішінде компанияларды оңтайландыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді.
Мәселен, өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Аграрлық несие корпорациясына қосылды. Осылайша, кредиттеу функцияларының қайталануы тоқтатылды.
- Үшінші тоқсанда ҚазАгроҚаржы Аграрлық несие корпорациясының еншілес ұйымына айналуы тиіс. Біз бұл жұмысты аяғына дейін жеткізуіміз керек, - деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Холдинг басшысы мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Осылайша, жыл сайын көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге бөлінетін 70 млрд теңгеге қосымша Үкімет тағы 70 млрд теңге бөлді.
- Сонымен қатар, қазіргі уақытта Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыруды тарту бойынша іс-шаралар жүргізуде. Қаражат бөлінген жағдайда Аграрлық несие корпорациясының желісі бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыру және ҚазАгроҚаржы желісі бойынша ауыл шаруашылығы техникасын лизингтеу ұлғайтылады, - деп толықтырды Холдинг Басқармасының төрағасы.
Сөз соңында Қанат Шарлапаев агроөнеркәсіптік кешенмен байланысты барлық жұмыстар мен жобалар Холдингтің басты назарында екенін атап өтті.
АНК Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков пен ҚАҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев кездесуде компаниялардың атқарған жұмыстары мен жоспарлары туралы презентациялар жасады. Бұдан басқа, еншілес ұйымдардың өңірлік филиалдарының директорлары баяндама жасады.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығын қолдау бойынша ағымдағы жедел міндеттердің, сондай-ақ ұзақ мерзімді жоспарлардың орындалуы талқыланды.