30.09.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Үкімет пен қаржы институттарының алдына көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу жөнінде нақты міндет қойған еді. Онда қажетті қаражатты фермерлерге жеткізуді тапсырып, «көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу өте маңызды» екенін атап өтті.
Осы стратегиялық тапсырманы орындау үшін және қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмысты жүргізу аясында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өзінің тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Ерте қимылдаған Корпорация 2025 жылдың 1 қазанынан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау басталатыны туралы хабарлайды. Осы шешімнің нәтижесінде бағдарлама былтырғыдан бір ай бұрын іске қосылады. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егін егудің жаңа маусымына ерте қамдануларына өте қолайлы әрі икемді болмақ.
Ерте қаржыландырудың артықшылықтары
Ерте қаржыландыру фермерлердің жаңа маусымға алдын ала дайындалуларына мүмкіндік береді. Күзде фермерлер жанар-жағармайды, тыңайтқыштарды қолайлы бағамен сатып алуға, техникаларын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға мүмкіндік алады. Қажетті ресурстарға ерте қол жеткізу егіс науқанын сәтті атқарудың негізгі факторы.
Ерте қаржыландыру механизмі алғаш рет 2024 жылдың қараша айының соңында іске қосылып, бірден жоғары сұранысқа ие болған еді. Сол кезде Корпорация осы мақсатқа 100 млрд теңге бөлген болатын. Бұл бастама фермерлер тарапынан оң бағаға ие болып, биыл оның ауқымы едәуір кеңейді.
Бағдарлама шарттары
Бағдарламаның жеңілдігі – жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталады. Кепілдікпен қамтамасыз ету жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін пәрменді механизм көзделген: қажет болған жағдайда қарыз сомасының 85%-на дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қорының кепілдігін пайдалануға болады. Қаржыландыру ел бойынша Аграрлық несие корпорациясының филиалдары мен серіктес қаржы институттарының желісі арқылы жүзеге асырылады.
«Агросектордағы несиелік ресурстарға сұраныс тұрақты түрде жоғары болып қала береді және біздің міндетіміз — оны қанағаттандыру ғана емес, нарыққа уақтылы әрі икемді құралдарды ұсыну. Біз ерте қаржыландырудың сұранысқа ие екенін көріп отырмыз, бұл фермерлердің жүйелі және тиімді жұмыс істеулеріне мүмкіндік береді. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып, өз өнімдерімізді бейімдеуді жалғастырамыз», - деп атап өтті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Қаржыландыру динамикасы
Корпорацияның үнемі жетілдіріп отыратын жұмысы қолдау көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Егер 2022 жылы «Кең дала» бағдарламасына 140 млрд теңге бағытталса, 2024 жылы бұл сома 321,5 млрд теңгеге жетті, ал 2025 жылы 500 млрд теңгеден асты. Бұл динамика аграрлық секторды жүйелі қолдау шараларының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Агроөнеркәсіп үшін негізгі басымдық – қаржыландыру механизмдерін ыңғайлы, түсінікті және аграрлық сектордың өзекті сұраныстарына жауап бере алатындай етіп жетілдіру болып қала береді.
«Кең дала 2» бағдарламасына қатысуға өтінім беру үшін фермерлер Аграрлық несие корпорациясының өңірлердегі филиалдарына жүгіне алады.
Толық ақпарат Agrocredit.kz сайтында бар. Сондай-ақ 5353 (Kcell, Activ, Beeline) және +7 775 007 68 07 (Tele2, Altel) Call-орталық нөмірлері бойынша хабарласып, кеңес алуға болады.