19.12.2024
- Холдинг туралы
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасын іске асыру үшін 40 млрд. теңге бөлінеді, оның 30 млрд теңгесін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Жасыл Даму» (ӨКМ операторы) АҚ қаражатынан және 10 млрд теңгесін «ҚазАгроҚаржы» АҚ капитал нарығынан тартады.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның барлық филиалдарында ағымдағы жылдың 5 тамызында басталады.
Өтінімдерді қарауды, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беруді «ҚазАгроҚаржы» АҚ келесі шарттарда жүзеге асырады:
1. лизинг мерзімі – 10 жылға дейін;
2. сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%;
3. лизинг бойынша бастапқы жарна (аванстық төлем) – лизинг нысанасы құнының 0%;
4. негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – 1 жыл;
5. қаржыландыру көлемі – бір лизинг алушыға 205 000 000 (екі жүз бес миллион) теңгеден және бір лизинг алушыға ауыл шаруашылығы техникасының үш бірлігінен артық емес.
Сондай-ақ қаржыландырудың бір лизинг алушыға екі жылдық кезең ішінде бір реттен жиі емес ұсынылуы маңызды шарт болып табылады.
Бағдарламаға келесі отандық өндірістегі өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникалары қатысады:
• LOVOL, DEUTZ FAHR, TURAN, КИРОВЕЦ, БЕЛАРУС, RSM, YTO, CLAAS XERION, DONG FENG, WUZHENG маркалы тракторлар;
• ESSIL, VECTOR, ACROS, TORUM, CLAAS TRION, DEUTZ FAHR маркалы астық жинайтын комбайндар (күріш комбайндары);
• Сүрлем жинайтын комбайндар: Жемшөп жинайтын жоғары өнімді комбайн (ЖЖК), Жемшөп жинайтын өздігінен жүретін комбайн (ЖӨК).
Ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің тізіміне: «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «Қазақстан Агро инновациялық корпорациясы» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «Kazrost Engineering Ltd.» ЖК, «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС, «KazKioti» ЖШС, «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС кіреді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы шегіндегі қаржыландырудың револьверлік сипатта болатынын, яғни қолданыстағы лизингті өтеуден түсетін төлемдердің жаңа қаржылық лизинг шарттарын жасасуға қайта жіберілетінін айта кету керек. Бағдарламаның өзі 20 жылға есептелген.