22.11.2024
- Холдинг туралы
28 қазанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы Нью-Йорктегі Citi штаб-пәтерінде өткен Kazakhstan Finance Day форумына қатысты.
Форум Қазақстан мен АҚШ және әлемдік нарықтар арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан экономикасының негізгі салаларына: инфрақұрылым, агроөнеркәсіп секторы және технологиялық шешімдерге инвестиция тартуға арналған. Іс-шарада Қазақстан үкіметінің өкілдері, соның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев және Citi компаниясының басқарушы директоры Джули Монако сөз сөйледі.
Форумға қатысушылар қатарында Visa компаниясының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі аға вице-президенті Роберт Томсон, Kaspi.kz бас директоры Михаил Ломтадзе және ірі қаржы институттарының өкілдері сияқты жетекші сарапшылар мен инвесторлар болды. Бұл іс-шара Қазақстан нарығына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және халықаралық серіктестердің Қазақстанмен ұзақ мерзімді инвестициялық байланыстарды дамытуға ұмтылысын көрсетті.
«Unique Investment Opportunities» («Бірегей инвестициялық мүмкіндіктер») тақырыбындағы панельдік сессияда Жандос Шайхы Қазақстанға инвестиция тарту стратегиясын таныстырып, серіктестік үшін басым бағыттарды атап өтті.
«Қазақстан әлемдік қауымдастықпен байланысын нығайтып келеді, және бүгін біз экономикамыздың инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және басқа да маңызды салаларын дамытуға септігін тигізетін жаңа серіктестіктерге ерекше қызығушылық танытып отырмыз. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қолдау және экономиканы жаңғырту үшін маңызды институт болып табылады. Біз елдің экспорттық әлеуетін арттырып, жұмыс орындарын құратын және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруға ұмтыламыз», – деп атап өтті Шайхы.