30.04.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Talday Talks подкастында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин инвестиция үшін жаһандық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында Қазақстанның даму институттары қалай жұмыс істейтіні туралы айтып берді.
Рустам Қарағойшин Қазақстандағы даму институттары экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша негізгі міндеттерді атқарады деп санайды. Қосымша басымдықтар қатарында — тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығы бар.
Оның айтуынша, Қазақстан бүгіннің өзінде әртараптандырудың алғашқы нәтижелерін көрсетуде: егер бірнеше жыл бұрын экспорттық құрылым негізінен шикізаттық болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік экспорт түсім көлемі жағынан шикізаттық экспортқа жақындай бастады. Бұл, оның бағалауынша, ұзақ уақыт бойы мұнай мен металл үлесі басым болған экономика үшін түбегейлі бетбұрыс.
«Біз өнеркәсіптің шикізат экспортын біртіндеп қуып жетіп келе жатқанын көріп отырмыз. Иә, өнеркәсіптік тауарлардың ішінде тау-кен металлургия кешенінің өнімдері бар, бірақ бұл — қосылған құны жоғарырақ келесі қайта өңдеу деңгейі... Қолдаудың тиімділігі — жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдері және т.б. Өткен жылы экономика 6,5%-ға өсті, оның 1%-ға жуығын Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша «Бәйтерек» қаражаты қамтамасыз етті», — деп атап өтті Қарағойшин.
Ол тиімділіктің де артып келе жатқанын алға тартты: бюджеттен тікелей қолдаудың азайғанына қарамастан, холдинг жұмысының тиімділігі айтарлықтай өсті.
«Егер бұрын, 2024 жылға дейін біз республикалық бюджеттен түрлі бағдарламалар бойынша 800-900 млрд теңгеге дейін алсақ, 2025 жылы бұл көлем шамамен 500 млрд теңгені құрады. Бұл ретте кредиттеу көлемі айтарлықтай артты: егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 3-4 трлн теңге шамасында болса, қазір — шамамен 8 трлн теңге. Іс жүзінде біз бюджет қаражатының аз көлемімен экономика үшін айтарлықтай үлкен тиімділікті қамтамасыз етіп отырмыз», — деп баса айтты холдинг басшысы.
Өңірлік тұрғыдан алғанда, Қазақстан институционалдық қолдау деңгейі мен өнеркәсіптік қайта өңдеу тереңдігі бойынша Орталық Азияның көптеген елдерінен озып, жоғары технологиялық өңдеу деңгейлеріне өтуде.
Алайда, спикердің бағалауынша, инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік тек күшейе түсуде. Мұндай жағдайда даму институттары инвестиция тартудың және күрделі жобаларды іске қосудың негізгі механизмі ретінде үлкен рөл атқарады. Қарағойшин Сингапурдағы Temasek Holdings және БАӘ-дегі ADQ сияқты құрылымдарды мысалға келтірді. Қазақстан да осыған ұқсас жолмен жүріп, «қолшатырлы» құрылымдардың рөлін күшейтуде.
«Іс жүзінде инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жүріп жатыр. Басқа елдермен бәсекелесу үшін ірілену қажет. Ірілену теңгерім үшін де, белгілі бір қолшатырлы даму институттары аясында кеңірек құралдар жиынтығына ие болу үшін де маңызды. «Бәйтерек» холдингі де дәл осындай құрылым болып табылады», — деді ол.
KPMG Кавказ және Орталық Азияның басқарушы серіктесі және СЕО-сы Сәкен Жұмашев «даму институттарынсыз қуатты Қазақстанды құру мүмкін емес» деген сенімде, өйткені дәл осы институттар бүгінде жеке сектор жоғары тәекелдерді өз мойнына алуға дайын емес салаларға барады.
«Егер ертең «Бәйтерек» шағын және орта бизнеске көмектесуді тоқтатса, біздің экономикамыз бірден стагнацияға ұшырайды. Екіншіден, күрделі жобалар дамымайды және бүкіл экономикамыз тек шикізат — мұнай, металл және астық төңірегінде қалады. Ал жасанды интеллект, күрделі қайта өңдеу сияқты салалар дамымай қалады», — дейді ол.
Экономист Қуаныш Жайықов та даму институттары «экономикалық өсімді жеделдету міндеттерін шешетінін» және олардың ірі инфрақұрылымдық жобалардағы рөлін жоққа шығаруға болмайтынын атап өтті.
Рустам Қарағойшин холдингтің бизнес-процестерді қайта құру арқылы ауқымды трансформациядан өтіп жатқанын айтты. Мысалы, 2025 жылдың соңынан бастап холдинг екінші деңгейлі банктерге (ЕДБ) инвестициялық фазасы аяқталған, тұрақты табыс әкелетін 650 млн доллардың жобаларын комиссиясыз берген. Сондай-ақ, «синдикат» деп аталатын бірлесіп қаржыландыру өнімдері дамып келеді.
Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік бар: егер бұрын кредиттер ақпан-наурызда берілсе, 2025 жылдан бастап қаражат желтоқсанда беріле бастады. Бұл фермерлерге егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Бәйтерек» жұмысы «күту» моделінен «проактивті» модельге ауысты. Холдинг елдегі 2,7 миллионнан астам бизнес субъектісінің деректерін талдап, перспективалы бағыттарды анықтайды.
Алдағы жоспарлар мен мақсаттар:
Сенат Төрағасы және подкаст жүргізушісі Мәулен Әшімбаев холдинг қызметінің жаңа кезеңі Мемлекет басшысы қойған стратегиялық мақсаттарға — экономиканы әртараптандыруға және жоғары технологиялық өндірістерді құруға бағытталуы тиіс екенін түйіндеді.
Анықтама үшін: Холдинг құрамында «Қазақстанның Даму Банкі», «Даму» қоры, «Өнеркәсіпті дамыту қоры», «Аграрлық несие корпорациясы», «Экспорттық-кредиттік агенттік» және Qazaqstan Investment Corporation сияқты ірі ұйымдар жұмыс істейді.
2026 жылға холдингте 3,4 трлн теңге сомасына 449 жобадан тұратын пайплайн бар. Нақты секторды қаржыландыру жоспары — 8 трлн теңгені құрайды.