07.04.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Алматы қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Отбасы банк» АҚ еншілес ұйымдарының қатысуымен стратегиялық сессия өткізді.
Іс-шараның басты тақырыбы – 2025 жылға арналған холдинг қызметінің жоспарлары мен басым бағыттарын талқылау болды. Рустам Қарағойшин холдинг құрамына кіретін даму институттары арқылы жүзеге асырылып жатқан жүйелі қолдау шаралары туралы кеңінен баяндады. Үкіметтің 2025 жылы ЖІӨ өсімін 7% деңгейіне жеткізу жөніндегі міндеттерін іске асыру мақсатында холдинг кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысы мен басым инвестициялық жобаларды қаржыландыруға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 трлн теңгеге дейін ұлғайтылады.
«Үкімет алдымызға қойған басты міндеттердің бірі – инфляциямен күрес және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету. «Бәйтерек» холдингі мен оның құрамындағы даму институттары бизнес тиімді жұмыс істеп, ортақ мақсаттарға қол жеткізе алуы үшін қажетті құралдар мен қолайлы жағдай жасайды”, – деді Рустам Қарағойшин.
Кеңес барысында ірі кәсіпкерлік пен ШОБ үшін Кепілдік қорларын құру арқылы кепілдік беру құралдарын кеңейтуге, сондай-ақ түпкілікті қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесін 12,6% деңгейінде теңестіру арқылы бизнесті ынталандыруға ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстарды жүйелеу және осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.