27.06.2023

ҚР-да машина жасауды дамыту маңыздылығы

ҚР-да машина жасауды дамыту маңыздылығы

Саладағы жобалар «Бәйтерек» холдингі арқылы қаржылай қолдау алады

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мәліметі бойынша, автомобиль өндірісі машина жасау саласының көшін бастап тұр. Неліктен мемлекет бұл саланы қолдайды, қандай жобалар қаржыландырылады және одан қандай нәтиже күтілуде? Бұл туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Ержан Елекеев айтып берді. 

- Мемлекет автомобиль жасауды басым сала ретінде айқындады. Ержан Иракұлы, бұл сала неліктен маңызды болып отыр? 

- Мемлекет тек автомобиль өндірісіне ғана емес, жалпы машина жасау саласына баса назар аударады. Оның аясы кең, оған автомобиль жасау да кіреді. Бүгінгі таңда ол машина жасау саласындағы қарқынды дамып келе жатқан сала екенін мойындау керек. 

- Бұған не ықпал етті?

- Менің ойымша, бірінші кезекте, біздің елімізде автоөнеркәсіптің болашағына сенім артып, осындай технологиялық күрделі бизнеске қомақты қаражат салуға тәуекел еткен ірі қазақстандық кәсіпкерлердің болуы. Олардың сенімі мен батылдығы болмаса, біз мұндай нәтижелерге қол жеткізе алмас едік. 

Екінші жағынан, мемлекет қажетті жағдайлар жасай отырып, қазақстандық бизнестің бастамасын қолдады. Мемлекеттен қаржы бөлінді, автоөндірушілер салықтар мен төлемдерден жартылай босатылды. Бұл экономиканың әртүрлі секторларын дамыту үшін көптеген елдерде қолданылатын тәжірибе. 

- Автомобиль жасау саласын қолдаудың маңызы қандай? 

- Автомобиль жасау – бұл көптеген адамдар қатысатын технологиялық күрделі сала. Анализ көрсеткендей, автоөнеркәсіптегі бір жұмыс орны онымен байланысты салаларда он жұмыс орнын құруға себеп болады. Осылайша, мемлекет азаматтарымызды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. 

Қазақстандық автоөнеркәсіп салыстырмалы түрде енді бой көтеріп келе жатқанмен, қарқынды дамуда. Шамамен 20 жыл бұрын біздің елімізде шығарылатын автомобиль көлемі жылына 3 мыңнан аспады. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша 113 мыңнан астам автомобиль шығарылды. Яғни 20 жылдың ішінде автомобиль өндірісі 37 есе өскен! 

Бұл саланың «аяққа тік тұрып кетуі» үшін әртүрлі қолдау шаралары қажет екенін бәріміз түсінеміз, әсіресе оны ең бастапқы кезеңінде қолдау керек. Осы тұста мемлекет өзінің рөлін нақты түсініп, саланы қаржылай және қаржылай емес қолдау құралдарымен қамтамасыз етті және оны әлі де жалғастыруда. Мысалы, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы автомобиль өндіретін ірі зауыттар қаржыландырылады. 

Қазіргі прогрес қуантады, алайда біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Алда көп жұмыс тұр. Мәселен, біз сандық көрсеткіштерге қол жеткіздік, ал енді сапаға мән беруіміз қажет. Кез-келген елде индустрияның, оның ішінде автомобиль жасау ісінің де өзіндік даму кезеңдері болатынын түсіну керек. 

Басында біздің автомобильдер ірі торапты құрастыру әдісімен шығарылды (Semi Knocked Down), яғни зауыттарымызға құрастыруға толық дайын компоненттер әкелінді. 

Ал қазір ірі автоөндірушілер шағын торапты құрастыруды белсенді қолдануда (Complete knock-down). Бұл дәнекерлеу, бояу және жүздеген бөлшектерді құрастырудан тұратын технологиялық күрделі процесс. 

Мысалы, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Changan, Chery және Haval сынды үш әйгілі қытай брендін шығаратын Astana-Motors зауытының құрылысын қаржыландырады, оның өндірістік қуаттылығы жылына 90 мыңнан асатын болады. Бұл зауыт шағын торапты құрастыру әдісімен автомобильдер шығаратын болады. Бізде мұндай бірнеше жоба бар. 

Осылайша, алдағы үш-бес жылда қазақстандық автомобиль өндірісінің көлемі тағы төрт есеге өсіп, жылына 400 мың автомобильден асуы мүмкін. Оның жартысынан көбі шағын торапты құрастыру әдісімен шығарылады. 

- Анализ жасалды ма, ішкі нарықта мұндай көлемдегі көліктерге сұраныс бола ма? 

- Мемлекет үшін ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканы әртараптандыру да маңызды. Қазір мұнай мен газдың әлемдік бағасына қатты тәуелді екенімізді барлығымыз көріп отырмыз. Біздің міндетіміз – экономика құрылымында жоғары технологиялық салалардың басым болуын қамтамасыз ету. 

Біздің аймақтағы соңғы кездегі геосаяси жағдай біздің автоөнеркәсіпке мүмкіндіктер «терезесін» ашты, сондықтан мұны міндетті түрде пайдалану қажет. Біздің еліміз автомобильдерді көрші елдерге экспорттай алады. 

- Бұл процеске шағын және орта бизнес қатысады ма?

- Мемлекет шағын және орта бизнестің автомобиль өндірісіне қатысуы маңызды екенін түсінеді. Бұл сұрақты кеңінен ашайын.

Жылына 100 мың автокөлік деген меже Қазақстанда автокомпоненттер өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беруде. Біздің ірі автоөндірушілер өз автомобильдерін елімізде өндіру мүмкіндіктері туралы қазақстандық кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуде.

Алматы және Қостанай қалаларында жергілікті атқарушы органдар автоөндірушілердің маңынан жер телімдерін бөлді. Олар шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін тарта отырып, айналасында кластер құру үшін қажетті инженерлік желілерді тартуда. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бұл бағытта ШОБ-қа қаржылай қолдау көрсетеді. 

Осылайша, алдағы екі-үш жылда ондаған, тіпті, жүздеген шағын және орта кәсіпкерлер түрлі автобөлшектер мен компоненттер шығаруды бастап, қазақстандық автоөнеркәсіптің дамуына өз үлестерін қосатын болады. 

Бұл дамудың алғашқы кезеңі ғана. Осылайша, бірте-бірте, автомобиль өндірісі ел экономикасында жетекші рөл атқаратынын саланың біріне айналады деп сенемін. Жүздеген мың адам осы іске қатысып, жұмыспен қамтылатын болады.  


Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар