20.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Отбасы банк» АҚ Директорлар кеңесі Жалғыз акционердің – «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ ұсынымы негізінде Директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне банктің тәуелсіз директоры Санжар Жамаловты сайлады.
Бұл шешім «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобында корпоративтік басқаруды жетілдіру, тәуелсіз директорлар институтын нығайту және корпоративтік басқарудың үздік халықаралық тәжірибелерін енгізу бағытында жүргізіп отырған жүйелі жұмысының заңды жалғасы.
Тәуелсіз директордың Директорлар кеңесіне төрағалық етуі стратегиялық басқарудың тиімділігін арттыруға, Директорлар кеңесінің тәуелсіздігін күшейтуге және басқарушылық шешімдердің сапасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Аталған шешім Қазақстанның тұрғын үй саясатын іске асыратын негізгі даму институттарының бірі – Отбасы банк үшін ерекше маңызға ие. Банк азаматтарға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға, жеңілдікті ипотекалық бағдарламаларды пайдалануға және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған басқа да қаржылық құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік маңызы жоғары ұйымдар үшін тиімді корпоративтік басқару тұрақты дамуды қамтамасыз етудің, тәуекелдерді тиімді басқарудың және қоғам сенімін нығайтудың маңызды тетігі саналады. Бұл қазіргі заманғы ESG қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Директорлар кеңесінің төрағасы Кеңестің жұмысын үйлестіруде, стратегиялық басымдықтарды айқындауда, Кеңес мүшелерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуде және компанияның даму мәселелерін жан-жақты әрі объективті қарауда маңызды рөл атқарады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Директорлар кеңесіне тәуелсіз директордың төрағалық етуі қабылданатын шешімдердің объективтілігін күшейтіп, Кеңес жұмысының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ акционер мен басқа да мүдделі тараптардың мүдделер теңгерімін сақтауға ықпал етеді.
Қазақстанда тәуелсіз директорлардың Директорлар кеңесіне төрағалық ету тәжірибесін дамыту кәсіби қауымдастықтың да назарында. «Бәйтерек» холдингінің өкілдері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің құрамына кіреді. Кеңес аясында корпоративтік басқаруды жетілдірудің заманауи тәсілдері, оның ішінде тәуелсіз директорлардың рөлін күшейту және оларды экономиканың түрлі салаларындағы компаниялардың директорлар кеңесіне төраға етіп сайлау тәжірибесін кеңейту мәселелері қарастырылады.
Отбасы банк Директорлар кеңесінің төрағасы болып тәуелсіз директордың сайлануы «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобында корпоративтік басқарудың заманауи үлгісін қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Бұл тәсіл халықаралық стандарттарға сай келеді, тәуелсіз бақылауды күшейтуге, стратегиялық басқару сапасын арттыруға және мемлекет үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындайтын ұйымдардың ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«Бәйтерек» ҰИХ» АҚ баспасөз қызметі
Тел.: +7 (7172) 98 38 80