03.12.2024
- Холдинг туралы
Қуаттылығы жылына 25 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасының алғашқы кезегі Ақмола облысының Бұланды ауданында іске қосылды. Кәсіпорынды салтанатты түрде іске қосу рәсімі Макинск қаласында өткізілді. Құны 33,5 млрд теңге болатын жобаға қажетті инвестицияның 50%-ынан астамын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары – Қазақстанның Даму Банкі мен «Қазына Капитал Менеджмент» ұсынды.
Қаржыландырудың қалған көлемін жобаның бастамашысы «Aitas KZ» АҚ мен Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі қаржыландырды. Макиндік құс фабрикасы құрылысының жалпы құны, екінші кезекті қоса есептегенде 45,6 млрд теңгені құрайды.
Жобаны ҚДБ және ҚКМ тарапынан қаржыландыру 2017 жылы «Бәйтерек» холдингінің «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – Ұлттық чемпиондар» бағдарламасының шеңберінде ашылған болатын. «ҚДБ10 жылға дейінгі мерзіммен 16,1 млрд теңге қарыз берді, ҚКМ өзінің «Вaiterek Venture Fund» АҚ еншілес құрылымы арқылы капиталға кіріп, 9 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Бұл қаржыландыру Қазақстандағы құс фабрикасы саласын қаржыландыру тарихында ең ірі инвестиция болып табылады.
Макиндік құс фабрикасының бірінші кезегі тоғыз өндірістік алаңнан тұрады, атап айтқанда: инкубатор, әрқайсысында он екі құс қора бар төрт бройлер бөлмесі, құсты қайта өңдеу зауыты, тыңайтқыш-желі, қосалқы алаң, құс азығын өңдеу цехы. Қазіргі уақытта инкубатор өз жұмысын бастап, алғашқы жұмыртқалар салына бастады. Осы жылдың соңына дейін фабриканың бірінші кезегінің басқа алаңдары кезең-кезеңімен іске қосылатын болады.
2020 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланған қуаттылығы сол тектес екінші кезек пайдаланылуға берілгеннен кейін Макиндік құс фабрикасы сағатына 9000 бройлерге дейін қайта өңдеу қуаттылығымен тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс орны болмақ.
Фабрика өндіретін негізгі өнім – бройлердің салқындатылған еті. Екінші кезек іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның қуаттылығы Қазақстанның ішкі нарығының құс етіне деген қажеттілігін 15%-ға дейін қанағаттандыра алады, бұл өз кезегінде өнім импортының үлесін қазіргі 50,4%-дан 32,6%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Макиндік құс фабрикасы өндірілетін құс етінің 60%-на дейін сату жоспарланып отырған Астана, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағандының нарығына бағытталған.
Құс фабрикасының аумағында орналасатын барлық ғимараттардың жалпы аумағы 227 мың ш.м. астам. Өндірістің биологиялық қауіпсіздігі және экологиялығы талаптарын сақтау мақсатында кәсіпорында инкубациялық өндіріс, құсты сою және ет-сүйек ұнын өндіру сатысында жоғары технологиялық энергия үнемдеуші құрал-жабдық қолданылатын болады.