26.08.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдар, екінші деңгейлі банктер және халықаралық қаржы институттары арқылы несиелендіру және субсидиялау жолымен табиғи монополиялар субъектілерін қаржыландыру жөніндегі қаржы операторы болып айқындалды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева хабарлады.
«Біз қаржы операторы боламыз және табиғи монополиялар субъектілерінің, сондай-ақ ЖАО МБҚ (мемлекеттік бағалы қағаздар) жобаларына тікелей кредит беруді қамтамасыз етеміз. Қазір коммуналдық меншік саласында қолданылатын ЖАО МБҚ құралы кеңейтілуде. Әкімдіктердің меншігіндегі кәсіпорындар қаржыландыруды ЖАО облигацияларын шығару арқылы ала алады. Бұдан бөлек, Қазақстанның Даму Банкі арқылы табиғи монополиялардың ірі жекеменшік субъектілеріне тікелей кредит беру жүзеге асырылмақ», – деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ, ол қосымша құрал — Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы субсидиялау тетігі бар екенін атап өтті.
«Біз тарифтер өсетінін түсінеміз, бірақ ойға қонымды шектерде. Біздің міндетіміз – қаржыландыруды қолжетімді ету, ал тарифтердің өсуі – негізделген және қолайлы. Кепілдік берудің қосымша құралы пайдаланылады: «Даму» еншілес ұйымы арқылы екі кепілдік қоры жұмыс істейді. Ірі инвестициялық жобалар бойынша жоба құнының 30%-на дейін кепілдік беру тетігі қосылған. Сондай-ақ 5 және 10 жылға ұзақ мерзімді қарыздар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді спикер.
Әлия Мырзағалиева ұлттық жоба шеңберіндегі өтінім бойынша платформа жақын арада іске қосылатынын, бірақ қазір Bgov.kz порталы арқылы қаржыландыруға табиғи монополиялар субъектілерінен өтінімдер қабылданатынын хабарлады. Қазір 7 субъект тікелей несие алып жатыр, тағы 10 жоба облигациялар тетігі арқылы өтінім берді – олар қаралуда. Қыркүйек айында қаржыландыруды бастау жоспарланған.