23.01.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIII Съезінде сөз сөйледі. Съезд аясында кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық саясатты жетілдіру және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.
Съезд жұмысына Үкімет пен Парламент өкілдері, даму институттары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Рустам Қарагойшин «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық холдингке трансформациялану барысы және оның проактивті экономикалық өсім саясатын іске асырудағы рөлі туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Холдинг қызметінің барлық бағыттары аясында қаржыландырудың жалпы көлемі 10,3 трлн теңгені құрап, жоспарланған көрсеткіштен асып түсті. Қолдау шаралары ірі инвестициялық жобаларды, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді, экспорттаушыларды, сондай-ақ тұрғын үй секторын қамтыды.
Баяндамада кәсіпкерлікті қолдау құралдарын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі проблемасын шешу мақсатында «Даму» қорының базасында екі кепілдік қоры іске қосылғаны айтылды:
— біріншісі – құны 7 млрд теңгеге дейінгі шағын және орта бизнес жобаларына арналған;
— екіншісі – өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым саласындағы құны 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларды қолдауға бағытталған.
Аталған тетіктер шағын және орта бизнес жобаларын, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым саласындағы ірі инвестициялық бастамаларды қолдауға бағытталған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл құралдар бизнес тарапынан тұрақты сұранысқа ие болып, оң динамика көрсетті.
Инвестициялық холдинг ретіндегі жаңа мәртебеде «Бәйтерек» өз қызметін екі негізгі бағытқа шоғырландырады. Бірінші бағыт – импортты алмастыруды қолдау және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту. Бұл, соның ішінде, әкімдіктермен, салалық министрліктермен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп басым инвестициялық бастамалар пулын қалыптастыруды көздейтін «Инвестицияларға тапсырыс» тетігі арқылы іске асырылады.
Екінші бағыт – экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлерді шоғырландыру және арнайы қаржылық құралдарды қолдану арқылы экспортты ілгерілету.
«Холдингтің трансформациясы инвестициялық қолдаудың тиімділігін арттыруға және қаржылық құралдарды экономиканың нақты қажеттіліктерімен тығыз байланыстыруға бағытталған. Біздің міндет – жобаларды жүйелі түрде сүйемелдеп, капиталды экономиканың басым салаларына тарту», – деп атап өтті холдинг басшысы.
«Бәйтерек» холдингі өз еншілес ұйымдарының құралдары арқылы бизнесті жан-жақты қолдауды жүзеге асырады. Бұл қолдау жобаларды дайындау мен құрылымдаудан бастап, қаржыландыру, кепілдік беру, сақтандыру және экспорттық жеткізілімдерді сүйемелдеуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Мұндай тәсіл жобалардың салалық ерекшелігін ескеруге және олардың инвестициялық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Холдингтің «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, әкімдіктермен және салалық министрліктермен бірлескен жұмысы нәтижесінде «Инвестицияларға тапсырыс» моделі аясында жалпы құны 87 трлн теңгені құрайтын 1,5 мың инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Бұл портфель экономикалық дамудың басым бағыттарына бағдарланған, оның едәуір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, инфрақұрылымға және агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі.
Съезд қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекет, даму институттары және бизнес-қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді. Олар «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық құралдарын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық әлеуетімен үйлестіру өңірлерде кәсіпкерлікті қолдау мен инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.