11.10.2024
- Холдинг туралы
"Қазына Капитал Менеджмент" АҚ (ҚКМ) ("Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы) бизнес-қауымдастық өкілдеріне капиталға жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын таныстырды. Бұл бағдарламаның бірегейлігі кәсіпкерлердің жеңілдетілген шарттармен капиталға қаржы тарту мүмкіндігі болып табылады.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленді.
Бағдарламаны әзірлеудің алғышарттары отандық кәсіпкерлер тап болатын ағымдағы проблемалар, атап айтқанда қаржыландырудың қымбат болуы, жоғары несиелік жүктеме, кепілді қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, ұзақ мерзімді несиелеудің болмауы, сондай-ақ борышқа қызмет көрсетудің ауыртпалықты шарттары болып табылады. Бұдан басқа, бағдарлама бизнестің инвестицияларға қол жеткізуін жеңілдету және капиталға тікелей қаржыландыру құралын пайдалануды қамтуды кеңейту мақсатында әзірленді. Осылайша, ҚКМ банктік несиелендірудің баламалы қолжетімді құралын ұсынады.
- Даму институты ретінде «Бәйтерек» холдингінің негізгі мақсаты еліміздің тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу болып табылады. Бүгінде Бәйтерек холдингінің еншілес ұйымдары ұсынатын қаржыландыру құралдары кең таралған және сұранысқа ие болып табылады. ҚКМ жаңа инвестициялық жобалар және экономиканың басым секторларындағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бойынша жеңілдетілген тікелей қаржыландыруды ұсынады. Қаржыландырудың жаңа бағдарламасының басымдығы – шикізаттық емес өнімнің экспортын қолдау, кәсіпорындар мен инфрақұрылым объектілерінің қолданыстағы қуаттарын ұлғайту және жаңғырту. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құрылады, оның ішінде дәстүрлі қаржыландыру көздерін тарту үшін меншікті қаражаты немесе кепіл мүлкі жеткіліксіз бизнес-бастамаларға қолдау көрсету есебінен кәсіпкерлік субъектілерінде халықты жұмыспен қамту артады, - деп түсіндірді Холдинг Басқармасы Төрағасының орынбасары Әнуар Омарходжаев.
Атап айтқанда, бағдарлама аясында қаржыландырудың тартымды шарттары қарастырылған: сыйақы мөлшерлемесі жылдық 8%, инвестиция сомасы 10 жылға дейін 5 млрд теңгеге дейін. ҚКМ қаржыландырылатын компанияларға қатысуы капиталда 49% шектелген, бұл кәсіпорынды басқару бойынша бақылаудың сақталуын қамтамасыз етеді.
Бағдарлама салалардың кең тізбесін, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіпті, инфрақұрылым саласындағы жобаларды және басқаларды қаржыландыруды көздейді. Бағдарламаны іске асыру екі бағытта жүзеге асырылады: Корпоративтік бизнесті қолдау және ШОБ дамыту.
Бағдарлама операторлары ҚКМ – Baiterek Venture Fund және BV Management еншілес ұйымдары болып табылады. Сонымен қатар, ШОБ дамыту бағыты бойынша Сбербанк, ForteBank, ЦентрКредит Банкі, ВТБ банкі және Альфа-Банк секілді серіктес банктері тартылған.
- Бүгінгі таңда отандық кәсіпкерлердің несие құралдарына шектеулі қолжетімділікпен байланысты бірқатар проблемалары бар. ҚКМ осы проблемаларды шешу үшін ШОБ-тан ірі бизнеске дейінгі кәсіпорындардың кең ауқымы үшін жаңа бағдарлама әзірледі, ол біздің еліміздің бизнес-қоғамдастығы арасында капиталға инвестициялар құралын пайдалануды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ҚКМ қарауында болған Әлеуетті жобалар бағдарламаға қатысуға қызығушылық танытты, – деп атап өтті ҚКМ Басқарма төрағасы Ардақ Қасымбек.
Осы сөздерді растай отырып, бағдарламаны таныстыру аясында ҚКМ еншілес ұйымы – Baiterek Venture Fund инвестициялық қоры «Қазмясо» ЖШС жобасына 2,5 млрд.теңгеге инвестиция салу туралы келісім жасады. Қаржыландыру осы сегменттегі көшбасшылардың бірі болып табылатын Алматы облысындағы қолданыстағы мал шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталатын болады. Қордың инвестициялары материалдық-техникалық базаны жақсартуға бағытталған, бұл бір мезгілде 7 000 бас ірі қара малын ұстауға және жылына 2 500 тонна ет өнімдерін өндіруге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Анықтама:
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің
2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Корпоративтік басқарудың
озық стандарттарына сәйкес келетін және Қазақстан экономикасын әртараптандыру,
инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен
орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ҚР
Үкіметінің негізгі институты. Холдингке: «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ,
«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ
банкі» АҚ, «Қазақстандық Ипотекалық Компания» ИҰ» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ,
«Даму» КДҚ» АҚ, «Qazaq Ventures» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ,
«Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project
Preparation Fund» ЖШС кіреді.
«Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-2007 жылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына жәрдемдесу, Қазақстанда private equity инфрақұрылымын қалыптастыру, экономиканың басым секторларына шетелдік инвестицияларды тарту, жетекші халықаралық тәжірибені пайдалану, private equity инновациялық білім мен технологияларды трансферттеу үшін құрылған private equity қорларының қоры.