Сұрақ-жауап
9077 Call-орталығы
А А Экран дикторы

19.06.2025

Кәсіпкерлікті қолдауға арналған Кепілдік беру қорлары: шарттар, нәтижелер және кәсіпкерлердің нақты кейстері

Кеңес ал!

19.06.2025

Кәсіпкерлікті қолдауға арналған Кепілдік беру қорлары: шарттар, нәтижелер және кәсіпкерлердің нақты кейстері

Кәсіпкерлікті қолдауға арналған Кепілдік беру қорлары: шарттар, нәтижелер және кәсіпкерлердің нақты кейстері

2025 жылдың сәуір айында Қазақстанда кәсіпкерлердің қаржыландыру қолжетімділігін кеңейту мақсатында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының базасында екі Кепілдік беру қоры іске қосылды.

Бұл қорлар бизнестің кепілдік мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, соның ішінде 7 млрд теңгеден асатын сомаға банктік несиелер алуына мүмкіндік береді. Inbusiness.kz редакциясы кепілдік беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, бұл тетікке кімдер қатыса алатынын және қандай жобалар қолдау тапқанын зерттеді.

«Бәйтерек»: экономиканы дамытудың жүйелі тәсілі

Қазақстан Республикасының даму архитектурасында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі маңызды орын алады. Холдинг кәсіпкерлікті, экспортты, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға және халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Тек өткен жылы ғана Холдинг 6 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіп, оның 4,1 трлн теңгесі бизнеске, ал 1,9 трлн теңгесі тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған.

Холдингтің баспасөз қызметінің басшысы Перизат Шәкенова атап өткендей, «Бәйтеректің» басты стратегиялық міндеттерінің бірі – ел экономикасының орнықты өсуіне жәрдемдесу және ЖІӨ-нің жыл сайынғы 6%-дық өсімін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Холдинг бизнесті дамытуға кедергі келтіретін негізгі тосқауылдарды жоятын тиімді қаржылық құралдарды енгізіп отыр.

Кепілдік деген не және ережелер қалай өзгерді

Мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – кепілдік беру механизмі. Бұл «Даму» қоры жеткілікті кепілдігі жоқ кәсіпкерлердің несиелері бойынша банктер мен қаржы ұйымдарына кепілдік береді. Бұл әсіресе өңірлік бизнес үшін өзекті, себебі ауылдық жерлердегі мүліктің бағасы ірі қалалармен салыстырғанда едәуір төмен, сондықтан несие алу қиынға соғады.

2025 жылға дейін де Қазақстанда кепілдік беру қолданылып келді, алайда ол негізінен жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге және шектеулі мөлшердегі кепілдіктермен ғана ұсынылатын. Ағымдағы жылдың сәуірінде Мемлекет басшысының тапсырмасы мен Үкімет қаулысының негізінде «Бәйтерек» холдингінің құрылымына кіретін «Даму» қоры базасында екі жаңа Кепілдік беру қоры құрылды.

Маңызды жаңашылдық – кепілдіктің шартсыз әрі қайтарымсыз болуы. Бұл дегеніміз, егер несие бойынша дефолт орын алса, «Даму» қоры банктің алдындағы өз міндеттемелерін орындаудан бас тарта алмайды. Мұндай шарт банктер үшін бұл құралдың тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін жеңілдетті.

Бірінші кепілдік қоры: 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қолдау

Бірінші Кепілдік қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл қор аясында портфельдік кепілдендіру механизмі енгізілді. Енді «Даму» қорымен келісім жасаған банк әр жоба бойынша кепілдік беру туралы шешімді өз бетінше қабылдай алады, яғни қордың келісімін күтпей-ақ рәсімдейді. Бұл рәсімдеу процесін едәуір жылдамдатып, шешім қабылдау мерзімін екі жұмыс күніне дейін қысқартты.

Жаңа тетіктің негізгі артықшылықтары:

  • қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспайды;
  • кепілдік мөлшері қаржыландыру сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды;
  • кепілдік мерзімі қаржыландыру мерзімінен 5 айға артық;
  • кепілдіктер жеделдетілген тәртіппен, «Даму» қоры тарапынан қайта сараптамасыз, екі жұмыс күні ішінде беріледі.

Аталмыш кепілдік қордың капиталы екінші деңгейлі банктердің жарналары, кәсіпкерлердің комиссиялары, бюджет қаражаттары және басқа да көздер есебінен қалыптастырылады. Бүгінгі таңда Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Forte Bank, Bank RBK, Bereke Bank, Jusan Bank, Freedom Bank Қазақстан, Нұрбанк және KZI Bank секілді 9 банкпен келісімдер жасалды. Олардың кейбірі ерікті жарналар аударып, бұл тетікке сенім білдіріп отыр.

Қор іске қосылғалы бері жалпы сомасы 71,5 млрд теңгені құрайтын 580 жоба қолдау тапты. Берілген кепілдіктердің сомасы – 38,5 млрд теңге. Жобалардың 70%-дан астамы инвестициялық мақсаттарға бағытталған: жаңа өндірістер ашу, жабдық сатып алу, құрылыс жүргізу. Өтініштер бойынша көшбасшылар – өңдеу өнеркәсібі (барлық несиелердің 30%-ы), көлік және логистика, денсаулық сақтау мен білім беру. Бағдарлама барлық өңірді қамтыды, ең белсенді аймақтар: Астана, Алматы, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары.

Екінші кепілдік қоры: ірі жобаларды қолдау

Екінші кепілдік қоры өңдеу өнеркәсібі мен 7 млрд теңгеден асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Бұл қор ірі бизнесті несиелендіру көлемін арттыру үшін екінші деңгейлі банктер мен инвесторлардың өтімділігін нақты секторға тартуға мүмкіндік береді.

Негізгі шарттары:

  • 7 млрд теңгеден асатын жобаларға кепілдік беру;
  • кепілдік мөлшері – жобаның 30%-ына дейін;
  • кепілдік мерзімі – 15 жылға дейін.

Сондай-ақ екінші қор аясындағы барлық өтінімдер міндетті түрде «Даму» қоры тарапынан қаралуы тиіс. Бұл — капитал сыйымдылығы жоғары жобалар болғандықтан, әр өтінімді қарау қордың уәкілетті органының шешімімен жүзеге асырылады.

Әлеуметтік-экономикалық әсер: жаңа жұмыс орындары мен өңірлік даму

Кепілдік беру қорларын құру кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін айтарлықтай кеңейтіп, әсіресе өңірлер үшін аса маңызды шешім болды.

«Кепілдік беру қорларын құру – бұл бизнес үшін кепілсіз несиеге қол жеткізу мүмкіндігі, ал еліміз үшін – жаңа жұмыс орындарын ашу, экспортқа өнім шығару және өңірлік инфрақұрылымды дамыту», – деді Перизат Шакенова.

Кәсіпкерлердің нақты тәжірибесі бұл тетіктің тиімділігін көрсетеді:

  • Ақмола облысында Viamedis Kosshy ЖШС 2,5 млрд теңге кепілдікпен 3 млрд теңге несие алып, көп бейінді клиника мен стационар салып жатыр.
  • Алматы облысында MEISTER COMPANY ЖШС құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт салу үшін 1 млрд теңге несие (500 млн теңге кепілдікпен) алып, 24 жаңа жұмыс орнын ашуда.
  • Павлодар облысында ПавлодарМетизЦентр ЖШС 450 млн теңге несие (229 млн теңге кепілдікпен) арқылы өндірісін кеңейтіп, жұмысшылар санын 42 адамға дейін арттырды.

Қолдау тапқан өзге жобалардың арасында — балабақша құрылысы, жиһаз өндірісін іске қосу, жүк тасымалдауға арналған техника сатып алу, медициналық орталықтар ашу және офтальмологиялық клиниканы кеңейту бар.

Кепілдік беру тетігі Корея, Түркия және Жапония сияқты елдердің мемлекеттің қатысумен құрылған үздік халықаралық тәжірибелеріне сүйене отырып жасалған, бұл оның тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Кепілдік алу үшін кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге немесе «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарына, сондай-ақ «Даму» қорының өңірлік филиалдарына немесе 1408 нөмірлі Call-орталыққа жүгіне алады.

Дереккөз: https://inbusiness.kz/ru/news/garantijnye-fondy-dlya-podderzhki-biznesa-usloviya-rezultaty-i-realnye...

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар