19.12.2024
- Холдинг туралы
Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ (QIC) шетел және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді эмитент дефолтының рейтингтерін («ЭДР») «ВВ+» деңгейінен «ВВВ-» дейін көтерді. Болжам – «тұрақты».
Рейтингті көтерудің негізгі факторлары мемлекеттің QIC қолдауының артуы және QIC-ті Қазақстандағы активтердің баламалы сыныбы нарығының дамуына ықпал ететін бірыңғай инвестициялық институт ретінде айқындау болды. Экономикалық дамуға, қаржыға және халықаралық ынтымақтастыққа жауапты мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимылды көздейтін бұл рөл «Мәртебе, иелену және бақылау» факторын «Күштіден» «Өте күштіге» қайта қарауға әсер етті. Бұдан басқа, QIC базасында «Бәйтерек» холдингінің бірнеше басқа еншілес ұйымдарының шоғырлануы ескерілді.
Fitch пікірінше, мемлекеттің QIC-ке қолдау көрсету қабілеті мен дайындық деңгейі әлі де жоғары. Мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларды іске асыру мақсатында мемлекет QIC акционерлік капиталына қаражат салады, ол 2021-2023 жылдары 69%-ға өсіп, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында 147,8 млрд теңгені құрады (бұл ретте меншікті капитал 223,5 млрд теңгені құрады, осыған ұқсас кезеңдегі өсім 58%-ды құрады). Хабарламада сондай-ақ мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту жобалары мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобалары үшін ұзақ мерзімді борыштық қаржыландыруды ұсынды деп көрсетіледі.
Сонымен қатар, Fitch талдаушылары QIC дефолты жағдайында елеулі әлеуметтік-саяси салдарларды атап көрсетеді, бұл мемлекеттік инвестициялық бағдарламалардың, сондай-ақ соңғы 10 жылда Қазақстанда тікелей инвестициялар инфрақұрылымын дамыту бойынша мемлекет қабылдаған шаралардың орындалуына уақытша қауіп төндіруі мүмкін. Қор жаңартылатын энергетикадан бастап тамақ өнеркәсібі, инфрақұрылым және табиғи ресурстарға дейінгі жобаларды қаржыландырады. Бұл жобалар, Fitch пікірінше, ұлттық экономиканы әртараптандырудың стратегиялық міндеті шеңберінде мемлекет үшін жоғары маңызға ие.
Fitch сонымен қатар QIC-тің жалғыз акционері «Бәйтерек» холдингі Корпорацияның қызметін қолдау мен қадағалауды жүзеге асыратынын атап өтті. QIC жүзеге асыратын функциялар мемлекетке жақын, бұл Fitch агенттігінің ұйымның дефолтына жол бермеу үшін Үкіметтің ықтимал қатысуы мен қаржылық қолдауы туралы үміттерін күшейтеді.
Айта кету керек, ұлттық межелік бойынша Fitch рейтингтік өлшешарттарына сәйкес QIC ұлттық рейтингі «AA(kaz)» деңгейінен «AA+(kaz)» дейін көтерілді.
Анықтама ақпарат: «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ – Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында негізгі мұраты Қазақстанда private equity инфрақұрылымын дамыту болып табылатын, 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорларының қоры. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы болып табылады. Қосымша ақпаратты https://qic.kz/ru сайтынан табуға болады.