19.12.2024
- Холдинг туралы
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 6 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) және Ұлттық экономика министрлігі тәртіпсіздіктерден зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету бойынша шаралар әзірледі.
Осы шаралар және оларды беру тетігі төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібімен сипатталған («Тәртіп»). Құжат ҚНРДА Төрағасының 10.01.2022 жылғы №8 бұйрығымен бекітілген.
Осы құжатқа сәйкес, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі жобалар бойынша ТЖ кезінде зардап шеккен ШОБ кредиттерін қайта құрылымдауды оңайлатылған тәртіппен бір жұмыс күні ішінде келісуге дайын екенін хабарлайды.
«Бизнестің жол картасы-2025» (БЖК-2025) мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша қайта құрылымдау жөніндегі жобалар кәсіпкерлердің қаржы-шаруашылық қызметін талдаусыз бір жұмыс күні ішінде келісіледі. Көрсетілген уақыт ішінде өтінімді жинау және қалыптастыру және қайта құрылымдау шарттарын келісу жүргізіледі, сондай-ақ банктерге хат жіберіледі.
Микро-шағын бизнестің 20 млн теңгеге дейінгі кредиттері бойынша (БЖК 2025 бірінші бағыты) құжаттар кредиттің мерзімі ұзартылған және ол бойынша кепілдік мерзімін ұзарту қажет болған жағдайда ғана келісуге Қорға жіберіледі.
Сонымен қатар, «Даму» қоры субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша микро, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау 2022 жылы Бағдарламада көзделген құжаттарға қол қою бойынша бюджеттік рәсімдер аяқталғаннан кейін қысқа мерзімде толық көлемде жалғасатынын атап өтті.
2021 жылы Қор 2,175 трлн теңге кредит сомасына 57,7 мың жобаны, оның ішінде 75,4 млрд теңге кредит сомасына 13,4 мың микрокәсіпкерлік жобасын қолдады:
- 1 598 млрд теңге кредит сомасына 32,3 мың жоба субсидияланды, оның ішінде covid-19 пандемиясы кезінде экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларында кәсіпкерлерді қолдау шеңберінде 421,7 млрд теңге кредит сомасына 11 мың жоба субсидияланды;
- 366 млрд теңге кредит сомасына 17,3 мың жоба кепілдендірілді;
- жеңілдетілген қаржыландыру қаражаты есебінен 211 млрд теңге кредит сомасына 8,4 мың жоба.
Қордың өңірлік филиалдарында менеджерлер ЕДБ немесе қаржы ұйымдарында мақұлдағанға дейін олардың жобаларын сүйемелдеумен кәсіпкерлерге online.damu.kz және egov.kz электрондық порталдар арқылы кешенді қолдау көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлер өз өтінімдерін онлайн арқылы egov.kz және online.damu.kz порталдары арқылы жолдай алады, сондай-ақ www.damu.kz, www.online.damu.kz сайттардан online режимінде немесе 1408 бірыңғай Call-орталығына қоңырау шалу (қоңырау шалу тегін) арқылы ақпарат алады. Сонымен қатар өңірлердегі менеджерлермен тікелей байланысуға болады, байланыс ақпараты Қордың сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында орналасқан.
Қазақстан Республикасы Президентінің 22.05.2013 ж. №571 «Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі кейбір шаралар туралы» Жарлығына сәйкес «Даму» қорының 100% акциясы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ға берілді.