Кеңес ал!

03.09.2025

Бейжіңде ҚҚІК отырысы аясында «Бәйтерек» тобының құжаттар топтамасына қол қойылды

Бейжіңде ҚҚІК отырысы аясында «Бәйтерек» тобының құжаттар топтамасына қол қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына 2025 жылғы 30 тамыздан 3 қыркүйекке дейінгі ресми сапары аясында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің (ҚҚІК) сегізінші отырысы алаңында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ делегациясының қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Қол қойылған келісімдер алдыңғы күні өткен екіжақты кездесулердің нәтижелерін толықтырды және Қытайдың жетекші қаржы институттарымен уағдаластықтарды бекітті.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы (м.а.) Ерсайын Хамитов отырыстың пленарлық бөлімінде сөз сөйледі. Ол Холдингтің ҚХР-дың жетекші қаржы институттарымен жүйелі әріптестігін атады және нақты бағыттарды көрсетті.

Өз сөзінде Ерсайын Хамитов Холдингтің компаниялар тобының ҚХР нарығында іске асып жатқан құралдары мен жобаларына тоқталды. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Орталық Азия және Кавказ өңірі үшін алғаш рет Dim Sum форматында, юаньмен деноминалданған 300 млн АҚШ доллары сомасында, үш жыл мерзімге еурооблигациялар орналастырды. Бұл қытайлық инвесторлар тарапынан сұраныстың барын көрсетті. Сонымен бірге «ICBC Asia» ұйымымен бірлесіп 2026 жылы 5 млрд юаньға дейінгі көлемде юаньдағы облигациялар шығарудың мүмкіндігі пысықталып жатыр. Бұл Холдингтің қорландыру көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді. «Qazaqstan Investment Corporation» қатысуымен қытайлық серіктестермен бірқатар бастама аталды. Соның ішінде Маңғыстау облысында «China Huadian Corporation» компаниясымен 160 МВт қуатындағы парогазды қондырғы салу жобасы және ҚХР бағыты бойынша экспорт-логистикалық тізбектерді дамытуға қатысты бастамалар бар.

Негізгі құжаттардың бірі ретінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен «Алматы қаласындағы Қытайдың Өнеркәсіптік және коммерциялық банкі» АҚ (ICBC Алматы) арасында 500 млн юань көлемінде банктік қарыз туралы келісімге қол қойылды. Бұл сома 1 млрд юань көлеміндегі жалпы келісім аясында топтың инвестициялық жобаларын қаржыландыруға бағытталады. Құжатқа Холдинг атынан Басқарма төрағасының м.а. Ерсайын Хамитов, ICBC Алматы атынан Басқарма төрағасы Люй Хунхай қол қойды.

Сонымен қатар «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы), және «Export-Import Bank of China» 1 млрд АҚШ долларына дейін немесе юань эквивалентінде кредиттік желілер бойынша рамалық келісім жасасты. Қаражатты Банктің жалпыкорпоративтік мақсаттарына және инвестициялық жобаларын қаржыландыруға бағыттау мүмкіндігі бекітілді. Құжатқа Қазақстанның Даму Банкінің Басқарма төрағасы Марат Елібаев және Қытай Эксимбанкінің вице-президенті Ян Дуннин қол қойды.

Сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және «ICBC Asia» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат юаньдағы облигациялар шығаруды бірлесіп пысықтауды және 500 млн юань көлемінде қарыз тартуды көздейді. Бұл ҚХР ұлттық валютасындағы нарықтық қорландыру құралдарының пулын кеңейтеді.

Қосымша ретінде метанол өндіретін газ-химия кешенін салу инвестициялық жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум рәсімделді. Қазақстан тарапынан «Baiterek Venture Fund» АҚ және «Zhaik Petroleum Ltd» ЖШС, Қытай тарапынан «СТПК Сан Бао» ЖШС құжатқа қол қойды. Меморандумда шикізатпен қамтамасыз ету параметрлері және жобаның кейінгі реттеушілік траекториясы көрсетілді.

Ерсайын Хамитов қол жеткізілген уағдаластықтардың қытайлық серіктестермен кооперацияны күшейтіп, ұзақ мерзімді ресурстарға қолжетімділікті кеңейтетінін атап өтті.

«ICBC-пен әріптестігіміздің жоғары әлеуетіне сенемін және оны тікелей кредиттеу саласында да, нарықтық құралдар шеңберінде де жаңа деңгейге шығара аламыз. Қол қойылған құжаттар бірлескен жобаларды әрі қарай ұлғайту мен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға берік негіз қалайды», – деді ол.

Осылайша, келісімдер топтамасы «Бәйтерек» холдингінің қаржылық базасын нығайтады және өнеркәсіп пен инфрақұрылымдағы басым жобалардың іске асырылуын қолдайды. Қорытынды бойынша Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде 15 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар