03.09.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ делегациясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсайын Хамитовтың жетекшілігімен China Development Bank (CDB), Bank of China, China Investment Corporation (CIC) және Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) басшылығымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Келіссөздерге Холдинг басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, сондай-ақ еншілес ұйымдардың (Қазақстан Даму Банкі АҚ) және тәуелді ұйымдардың (Baiterek Venture Fund АҚ) басшылары қатысты. Кездесулер Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы 30 тамыздан 3 қыркүйекке дейінгі Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында өтті.
Тараптар өнеркәсіп, инфрақұрылым, энергетика және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы жобаларды тұрақты қаржыландыруды басымдық ретінде растады. Қазақстан тарапы үшін өндірісті жергіліктендіру, технология трансфері, кадр даярлау, ESG талаптарын сақтау және тәуекелдерді әділ бөлу негізгі қағидаттар ретінде айқындалды.
Келіссөздерде юань мен АҚШ долларындағы ұзақ мерзімді нарықтық ресурстар, бірлескен инвестициялар, ұлттық валюталардағы есеп айырысулар, сондай-ақ ҚХР нарығында облигациялар орналастыруға дайындық мәселелері қаралды.
CDB желісі бойынша ұзақ мерзімді және жобалық қаржыландыру үшін ынтымақтастық шеңбері мен кредиттік лимитті ашу мәселелері талқыланды. 5 млрд юань көлемінде кредиттік желі беру және оны 10 млрд юаньға дейін ұлғайту мүмкіндігі жеке пысықталды, соның ішінде мөлшерлеме, мерзім, валюта және ресурстарды пайдалану мақсаттары бойынша баламалар қарастырылды.
Bank of China тарапымен инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар үшін капитал нарықтарының және есеп айырысу құралдарының тетіктері пысықталды. Мәмілелерді дайындауды жеделдету мақсатында Холдингтің еншілес компанияларымен кооперация атап өтілді.
CIC-пен бірлескен инвестициялар, технологияларды жергіліктендіру және Қазақстанда пилоттық жобаларды іске қосу мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек институционалдық инвесторлардың қатысуымен, оның ішінде Qazaqstan Investment Corporation платформасын пайдалана отырып, «CIC – Орталық Азия» бірлескен қорын құру мәселесі көтерілді.
Сонымен қатар, Холдинг делегациясы Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына (ҚҚІӨ) қатысты. ҚҚІӨ күн тәртібінде екі жаңа қадам көзделген: 500 млн юань көлемінде жаңа қарыз туралы келісім және ICBC Asia-пен меморандум, оның ішінде юаньдағы облигациялар шығаруды бірлесіп пысықтау. 2026 жылы 5 млрд юаньға дейінгі көлемде Panda немесе Dim Sum облигацияларын орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.
«Біздің міндетіміз – ел экономикасының өнімділігін арттыратын нарықтық қаржыландырудың тұрақты арналары мен бірлескен инвестицияларды қалыптастыу. Қытай институттарымен жұмысымыз жүйелі сипат алды, 2025 жылы юаньмен қаржыландыруды кеңейттік және жаңа мәмілелерге дайындалып жатырмыз. Басты қағидаттарымыз – жергіліктендіру, технологиялар, кадр даярлау және ESG стандарттары», – деді Ерсайын Хамитов ICBC-пен кездесуде.
2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Холдингтің активтері шамамен 29,5 млрд АҚШ долларын құрайтыны, инвестициялық және кредиттік портфельдің 21,5 млрд АҚШ долларынан асатыны, таза пайда 336,4 млн АҚШ долларына тең екені атап өтілді. 2025 жылы нақты секторға 14,9 млрд АҚШ долларын бағыттау жоспарлануда. Осы параметрлер бірлескен жобаларды ұлғайтуға негіз ретінде қытайлық серіктестерге ұсынылды.