08.11.2024
- Холдинг туралы
«Байтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нурболат Айдапкелов Вена қаласында өткен Халықаралық машина жасау форумына және Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шаралар барысында машина жасау және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесінің отырысы Қазақстан мен Австрияның мемлекеттік органдары мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдерін біріктірді. Қазақстан тарапынан іс-шараға «Байтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басшылары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік құрылымдар мен компаниялардың өкілдері қатысты. Австрия делегациясы Федералды экономикалық палата және ірі өнеркәсіптік және қаржылық компаниялардың басшылары тарапынан ұсынылды.
Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Нурболат Айдапкелов Қазақстан экономикасын әртараптандыру және заманауи технологияларды енгізу үшін Австрия серіктестерімен ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Байтерек» холдингі Қазақстан экономикасын әртараптандыру және жоғары технологиялық салаларды ілгерілету бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Біз австриялық серіктестермен іскерлік байланыстарды нығайту осы мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі және қазақстандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», – деді ол.
Іскерлік кеңес қатысушылары екіжақты экономикалық байланыстардың оң динамикасын да талқылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Австрия арасындағы тауар айналымы 64%-ға артып, 332,6 млн долларды құрады. 2005 жылдан бері Австриядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны 3 миллиард доллардан асты, бұл австриялық инвесторлардың Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын көрсетеді.
Жұмыс сапары аясында Нурболат Айдапкелов ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жетекші австриялық компания Pottinger басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанға техника жеткізуді кеңейту және жергілікті фермерлер үшін инновациялық шешімдерді енгізу перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша әлемдік көшбасшы Agrana Group өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
«Байтерек» ҰБХ» АҚ халықаралық серіктестік қатынастарды нығайтып, Қазақстан экономикасының негізгі салаларын дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге ықпал етуді жалғастыруда.
Анықтамалық ақпарат: 2012 жылы құрылған Қазақстан-Австрия іскерлік кеңесі сауда-экономикалық ынтымақтастық пен екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестірудің маңызды құралы болып табылады. Кеңес отырыстарында Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасының арасындағы экономикалық байланыстардың жай-күйі мен дамуының өзекті мәселелері талқыланады.