06.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» холдингі Басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов қазақстандық делегацияның құрамында 5-6 желтоқсанда болған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары аясында Берлинге барды.
Айдар Әріпханов Мемлекет басшысы неміс компанияларының басшыларымен өткізген іскерлік кешкі асқа, сондай-ақ Берлин Еуразиялық клубының «Қазақстан және Германия: экономикалық ынтымақтастықтың жаңа сатысы» тақырыбындағы 28-отырысына қатысты.
Еске салатын болсақ, ағымдағы жылдың маусым айында «Бәйтерек» холдингі Euler Hermes сақтандыру агенттігімен негіздемелік келісімге қол қойған болатын. Бұл құжат болашақта неміс қаржы институттары беретін экспорттық кредиттерді сақтандыру өтемінің 1 млрд. еуро мөлшерінде лимитін қазақстандық кәсіпкерлердің пайдасына ашады.
Аталған келісімді іске асыру мақсатында, осы жолғы сапар барысында Холдингтің еншілес ұйымы – Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) немістің ірі қаржы институттарымен бірқатар құжаттарға қол қойды.
Бұл тұста немістің Deutsche Bank, KfW IPEX-Bank және Commerzbank банктерімен меморандумдар мен келісім жайлы айтылып отыр. ҚДБ Deutsche Bank банкімен 500 млн. еуро сомасындағы жобаларды экспорттық кредиттік агенттіктердің (ЭКА) сақтандыру өтемімен қаржыландыру туралы келіскенін атап өткіміз келеді.
Сонымен қатар, Euler Hermes Aktiengesellschaft неміс кредиттік агенттігімен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар экспорттық қаржыландыру саласындағы мәмілелерді құптайды және іске асыруға жәрдемдесетін болады.
Бұдан басқа, "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы - "Kazakhstan Project Preparation Fund" ЖШС сингапурлық "WestGasOil PTE" компаниясымен және "Haldor Topsoe Germany" химиялық компаниясымен Маңғыстау облысында метанол мен олефиндерді өндіретін жаңа зауыт салу бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасасуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағында орналасады, ал инвестиция сомасы шамамен 1,8 млрд АҚШ долларын құрайды.
Анықтама ретінде:
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Озық корпоративтік басқару стандарттарына сәйкес келетін және әртараптандыру, жаңашылдықты қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен Қазақстан экономикасын тұрақты дамыту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін ҚР Үкіметінің басты институты. Холдингтің құрамына «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ, «QazTech Ventures» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС кіреді.