19.12.2024
- Холдинг туралы
Вашингтонда Басқарушы директор – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма мүшесі Айнұр Қуатова Дүниежүзлік банктің тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жөніндегі конференциясына қатысты.
Форум барысында А. Қуатова «Бәйтерек» холдингінің Қазақстандағы тұрғын үй саясатын дамытуға көмек көрсетуі және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысын салу кешенді бағдарламасын іске асыру туралы толық баяндамасын ұсынды. Бағдарлама 2016 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, Холдингтің қатысуымен әзірленген және тұрғын үй нарығын қолдаудың барлық қолданыстағы және жаңа механизмдерін біріктірді.
Айнұр Қуатова: «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыра отырып, «Бәйтерек» холдингі Қазақстан халқы үшін нарық негізінде тұрғын үй қолжетімділігін қамтамасыз етудің толық циклі жүйесін қалыптастырады – сұранысты да, ұсыныста да қамтамасыз етеді», – деп баса айтты.
Өз сөзінде спикер «Бәйтерек» және оның еншілес ұйымдарының тұрғын үй-құрылыс саласындағы қол жеткізген бірқатар нақты нәтижелерін айта кетті. Соның ішінде, тұрғын үй саясатын іске асырудың негізгі құралдарының бірі – посткеңестік кеңістіктегі еуропалық тәжірибені үлгіге алған және тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін іске асыруды бастаған жалғыз қаржы институты - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі болып табылады.
«Қазіргі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қазақстанның ипотекалық кредиттеу нарығындағы үлесі 35% құрайды. Жыл сайын банк орта есеппен алғанда 170 миллиард теңге (520 млн доллар) сомасына тұрғын үй сатып алуды қаржыландырады. 2017 жылы банк 243 миллиард теңге (744 млн доллар) сомасында қарыз берді, бұл елдегі ипотеканың төрттен үш бөлігін құрады. Өзінің барлық қызмет ету кезеңінде қаржы институты 850 миллиард теңге (2,6 млрд доллар) сомасына қарыз бере отырып, 140 мыңнан астам Қазақстан азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға кемектесті», – деп хабарлады А. Қуатова.
Сонымен бірге Қазақстандық ипотекалық компанияның жұмысы атап өтілді, ол арқылы екінші дәрежелі банктерден, барлық қызмет ету мерзімінің ішінде 212 млрд теңге (647 млн доллар) сомасына 62,6 мың ипотекалық қарыз сатып алынды, 1,4 мың ипотекалық қарыз берілді және қаражаттандыруға 3 мың өтінім қабылданды. Бұдан басқа, Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының, «Даму» қорының және «Бәйтерек девелопмент» АҚ жұмыс істеу механизмдері ұсынылды.