19.11.2024
- Холдинг туралы
2024 жылдың 22 қазанында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин CLAAS KGaA GmbH делегациясымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Германия Федералды Канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға сапары аясында қол қойылған келісімдер шеңберінде серіктестіктің негізгі аспектілері талқыланды.
Келіссөздер барысында тараптар CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын Қазақстанда өндіру мен құрастырудың локализациялау перспективаларын талқылады, бұл озық технологияларға қолжетімділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы - «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу және қаржыландыру шарттары қаралды. CLAAS өкілдері Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын жаңғырту мен өнімділігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін растады.
«CLAAS-пен серіктестік Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуы үшін маңызды рөл атқарады. Техниканы өндіруді локализациялау және озық технологияларды енгізу елдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға қуатты серпін беретініне сенімдіміз. «Бәйтерек» холдингі қазақстандық шаруаларды ең заманауи және тиімді шешімдермен қамтамасыз ету арқылы қолдауды жалғастырады», - деп атап өтті Рустам Карагойшин.
Кездесу соңында тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жоғары технологиялық техниканың қолжетімділігін арттыруға бағытталған серіктестікті нығайтуға дайын екендіктерін растады.
Анықтама:
CLAAS KGaA GmbH — ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. CLAAS-тың Еуропада, Азияда және Америкада өндірістік қуаттары бар, онда 11 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Компания дәл егіншілік саласындағы инновациялық шешімдерімен, оның ішінде процестерді оңтайландыру және техниканың өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін басқару және мониторинг жүйелерімен танымал.