25.09.2024 18:57:00
- Холдинг туралы
16 қыркүйекте Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Қазақстан-Германия дөңгелек үстелі өтті, онда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшылығы, негізгі салалық министрліктердің өкілдері мен қазақстандық бизнес көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Германияның Федералды канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары шеңберінде жалпы сомасы 6,1 миллиард доллардан асатын 30 құжатқа қол қойылды. Негізгі келісімдердің қатарында Horsch Maschinen GmbH-мен егін егу кешендері мен топырақты өңдеу жүйелерін қоса алғанда, ауылшаруашылық техникасын өндіруге және сатуға бағытталған ынтымақтастық бар. Сондай-ақ Claas Global Sales GmbH компаниясымен астық жинайтын комбайндар мен тракторларды өндіру туралы келісімге қол қойылды.
«Осы кезеңде біз болашақта екі еліміздің әрбір тұрғынына елеулі әсер ететін ұзақ мерзімді және оң өзгерістер үшін берік негіз қалаймыз. Бұл өзгерістер өзара түсіністікті нығайтуға және екіжақты қарым-қатынастардың орнықты дамуына ықпал ете отырып, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың негізгі салаларына әсер ететіні сөзсіз. Бүгінгі кездесуіміз бізге барлық аспектілерді тереңірек және егжей-тегжейлі талқылауға және стратегиялық мақсаттарымызға жету үшін бірлескен шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин атап өткендей, бүгінгі қазақстандық-германдық келіссөздер елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
«Бүгін ірі неміс компанияларымен жасалған келісімдер Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен энергетикалық секторын жаңғырту үшін жаңа көкжиектер ашады. Бұл жобалар озық технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. "Бәйтерек" холдингі оларды іске асыруға белсенді қатысып, қаржылық қолдау мен міндеттерді табысты орындау үшін қажетті құралдарды ұсынатын болады», - деді Рустам Қарағойшин.
Сапар шеңберінде тараптар маңызды қаржылық келісімдерге, соның ішінде Қазақстанның Даму Банкі мен Landesbank Baden-Württemberg арасындағы негіздемелік келісімге және инвестициялық бастамаларды қолдау үшін KFW IPEX банкімен келісімге қол қойды. Сонымен қатар, KazakhExport және Нelaba Bank-пен экспорттық кредиттеуді кеңейтуге бағытталған меморандумдар, сондай-ақ Deutsche Bank-пен экспорттық қаржыландыру саласындағы келісімдер жасалды.
Structured Trade & Export компаниясынң қаржы департаментінің директоры Сардор Халмұхамедов Нelaba неміс банкі Германия мен Қазақстан арасындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға белсенді қатысатынын атап өтті.
«Экспорттық агенттіктермен ынтымақтастықта және қазақстандық тараптың шақыруы бойынша біз дәл осы саладағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында KazakhExport қазақстандық экспорттық агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы шешім қабылдадық. Яғни, Қазақстандағы неміс және еуропалық компанияларды ұзақ мерзімді жобалық қаржыландыру үшін. Өздеріңіз білетіндей, KazakhExport Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторын, оның ішінде қайта өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымдық жобаларды және ауыл шаруашылығын дамытуға күш салуда. Қазақстандық серіктестермен бірге біз Қазақстанның Орталық Азия мен Еуропа нарықтарына экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.
«Бәйтерек» холдингі Қазақстан экономикасының негізгі салаларын дамытуға бағытталған ірі жобаларды қолдау және іске асыру жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыратын болады.