02.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин бастаған «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің делегациясы Мадридте Испанияның мемлекеттік органдары мен жетекші компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді. Қазақстанда бірлескен өндірістер құру, испан технологияларын енгізу және агроөнеркәсіп кешеніндегі, құрылыс саласындағы және мұнай-газ химиясындағы жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Делегация құрамына Холдингтің Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, Аграрлық несие корпорациясының Басқарма төрағасы Алмат Аширбеков және басқа да өкілдер кірді.
Испанияның сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Мария Ампаро Лопес Сеновильямен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Рустам Карагойшин Холдингтің шетелдік инвесторларды сүйемелдеу тәсілдерін таныстырды. Олар жобаларды іріктеуді, қазақстандық серіктестерді іздеуді және қаржыландыру құрылымын айқындауды қамтиды. Тараптар сондай-ақ 2027 жылы Астанада өтетін Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің отырысына дайындық мәселелерін талқылады.
Испанияның Сауда палатасында сауда жөніндегі мемлекеттік хатшының қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, оның жұмысына 30-ға жуық испан компаниясы қатысты. Рустам Карагойшин Қазақстанға инвестиция салу және бірлескен өндірістер құру мүмкіндіктерін таныстырды.
Одан кейін DLQ International Consulting, Centunion, inHAUS, Danosa, MCH Private Equity, Santalucía, Idom компанияларымен және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарымен екіжақты кездесулер өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, модульдік құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы жобалар, испан технологияларын жергіліктендіру және Холдингтің қолдау құралдары талқыланды.
«Біз испан компанияларына Қазақстанда ішкі нарық пен Орталық Азиядағы өсіп келе жатқан сұранысқа бағдарланған өндірістер құруды ұсынамыз. Біз үшін технологиялар трансфертін, жергілікті мамандарды даярлауды және қосылған құны жоғары өнім шығаруды көздейтін жобалар ерекше маңызды», - деді Рустам Карагойшин.
Өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелері «Técnicas Reunidas» компаниясының президенті Хуан Льядо Арбуруамен талқыланды. Мұнай-газ, химия және энергетика салаларындағы ірі нысандардың құрылысына маманданған компания жуырда испан тарапы атынан Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің тең төрағасы болып тағайындалды. Тараптар испан бизнесін жаңа өнеркәсіптік бастамаларға, соның ішінде Іскерлік кеңес аясында тарту мәселелерін талқылады.
Vall Companys агроөнеркәсіптік тобының басшысы Хосеп Солемен интеграцияланған ет өңдеу кешенін құру мәселесі қаралды. Қазақстан тарапы құрамажем зауытынан бастап мал шаруашылығы қожалықтарын, өңдеу және тоңазыту қуаттарын құруға дейінгі кезең-кезеңімен іске асырылатын модельді ұсынды.
Roca Group бас атқарушы директоры Альберт Магранспен кездесуде компанияның Қазақстандағы өндірісін дамыту мәселелері талқыланды. Roca Group Қызылордада ішкі нарыққа және Орталық Азия елдеріне бағдарланған жобаны іске асыруда.
«Бүгінде біз жеке және шетелдік капиталды белсенді тартып, тәуекелдерді серіктестерімізбен бөлісіп отырмыз. Испан компаниялары үшін бізде капиталға инвестиция салу мен ұзақ мерзімді қаржыландырудан бастап экспортты сақтандыруға және жергілікті жеткізушілерді қолдауға дейінгі жобаның барлық кезеңін қамтитын құралдар бар», - деп атап өтті Холдинг басшысы.
Ұсынылған бағыттар Қазақстанда жаңа өңдеу өндірістерін құруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және шикізаттық емес экспортты арттыруға бағытталған.