10.12.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
10 желтоқсанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде Холдинг Басқармасының Төрағасы Рустам Қарагойшин Ислам Республикасы Иранның Solico Group компаниясы делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны ТМД елдері бойынша Solico Group-тың бас директоры Алиреза Мохаммад Рахими бастап келді. Кездесуге сондай-ақ Холдинг Басқармасы Төрағасының орынбасары Жандос Шайхы және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма Төрағасы Марат Елибаев қатысты.
Кездесу барысында Solico Group Алматы облысында тәулігіне 100 тоннаға дейін өнім өндіретін ірімшік зауытын салу жөніндегі жобасын таныстырды. Жоба 460 жаңа жұмыс орнын құруды, сондай-ақ ішкі нарық пен Орталық Азия және Таяу Шығыс елдеріне экспортталатын бәсекеге қабілетті өнім шығаруды көздейді.
Жобаны қаржыландыру мүмкіндігі Холдингтің еншілес ұйымы — Қазақстанның Даму Банкінің қатысуымен қаралатын болады. Банк ірі индустриялық жобаларды құрылымдау және сүйемелдеу саласында қажетті тәжірибеге ие.
Холдинг Басқармасының Төрағасы Рустам Қарагойшин азық-түлік өнеркәсібін дамытуда халықаралық серіктестерді тартудың және экспортқа бағытталған өндірістерді күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Холдинг қосылған құны жоғары өнім өндіруге және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жобаларға ерекше мән береді. Әрбір бастама технологиялық талаптарға сай болып, ұзақ мерзімді экономикалық нәтиже беруі тиіс. Алдағы кезеңде инвестормен бірлесіп жобаның негізгі параметрлерін жан-жақты пысықтаймыз», — деді ол.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамыту және азық-түлік өндірісінің өндірістік әлеуетін кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.