08.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Астанада «Бәйтерек» Холдингі Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов Ислам даму банкі (ИДБ) тобының Алматыдағы өңірлік хабының басшысы Хаммад Зафар Хундалмен кездесті. Тараптар экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық экспортты қолдау құралдарын талқылады.
Кездесуге Холдингтің еншілес компанияларының, атап айтқанда Қазақстанның Даму Банкінің, Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының, Өнеркәсіпті дамыту қорының және Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің өкілдері қатысты.
ИДБ тобының Алматыдағы өңірлік хабы Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азияның бес еліндегі жұмысты үйлестіреді.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы іске асырылып жатқан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы болды. Оның жалпы көлемі шамамен 1,3 млрд АҚШ долларын құрайды. Бағдарлама Қазақстанның 14 өңіріндегі 11 арнайы экономикалық және 13 индустриялық аймақты қамтиды. Қажетті инфрақұрылымды құру өндірістерді орналастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Бағдарлама бойынша негіздемелік келісімге 2026 жылғы ақпанда қол қойылды. Бірінші кезең аясында 96,2 млрд теңге сомасына мемлекеттік кепілдік және форвардтық лизинг туралы келісімдер жасалды.
«Бәйтерек» Холдингі үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру мен ИДБ тобының халықаралық тәжірибесі маңызды. Біздің еншілес ұйымдарымыз инвестициялық жобаларды, өнеркәсіптік лизингті, кәсіпкерлік пен экспортты қолдайды. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы өзара іс-қимылдың маңызды нәтижесі болды. Біз Ислам даму банкінің қолдауын және қол жеткізілген уағдаластықтарға екі тарап мамандарының қосқан үлесін жоғары бағалаймыз», – деп атап өтті Нұрболат Айдапкелов.
Қаржы операторы «Бәйтерек» Холдингі болып табылатын «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Қаржыландыруды ұйымдастыруға Қазақстанның Даму Банкі мен Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы қатысады.
Кездесу барысында инвестициялық жобалар мен жол жобаларына ұзақ мерзімді қаражат тарту, сауданы қаржыландыру және экспорттық тәуекелдерді қайта сақтандыру мәселелері де қаралды. ИДБ тобының институттарымен ынтымақтастық аясында қазақстандық локомотивтерді Әзербайжанға жеткізуге қолдау көрсетіліп, экспорттық аккредитивтерді қайта сақтандыру тетігі қолданылып келеді.
Сондай-ақ ИДБ-ның Қазақстанмен 2027–2031 жылдарға арналған елдік әріптестік стратегиясын әзірлеу мәселесі талқыланды. Нұрболат Айдапкелов елдің басымдықтары мен «Бәйтерек» Холдингінің даму институттарының мүмкіндіктерін, соның ішінде өнеркәсіпті қолдау, инфрақұрылымды жаңарту және қазақстандық өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілету бағыттарын ескерудің маңызын атап өтті.