06.12.2024
- Холдинг туралы
Қазақстан астанасында Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR-2024) өтті, оған 40 елден 500-ден астам қатысушы, оның ішінде мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және ірі бизнестің өкілдері жиналды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар әлемдік нарықтардың ағымдағы үрдістерін және олардың инвестициялық стратегияларға әсерін, сондай-ақ халықаралық капиталды тартудың негізгі факторы ретінде инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.
KGIR-2024 аясында «Инвестицияларды тартудың негізгі факторы ретінде инфрақұрылымды дамыту» тақырыбында панельдік сессия өтті, онда инфрақұрылымдық инвестициялар саласындағы жетекші сарапшылар өз идеялары мен стратегияларын ұсынды. Сессияға қатысушылар арасында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин сөз сөйлеп, Холдингтің Қазақстанның негізгі инфрақұрылым объектілерін дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
«Ең алдымен, «Бәйтерек» орнықты және тұрақты экономикалық өсуге ұмтылатынын атап өткім келеді. Күрделі әлемдік экономика жағдайында Қазақстанның тұрақтылығы мен табыстылығын қамтамасыз етудегі біздің рөліміз барған сайын маңызды бола түсуде», — деп атап өтті Р. Карагойшин.
Ол сондай-ақ көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, атап айтқанда теміржол паркін жаңартуға, әуежайларды дамытуға және теңіз порттарының қуатын кеңейтуге, сондай-ақ экологиялық таза энергия көздеріне көшуге және елдегі энергия тиімділігін арттыруға бағытталған ірі инвестициялар туралы айтты.
«Біздің күш-жігеріміз Қазақстанды әлемдік аренада бәсекеге қабілетті етеді, - деп атап өтті Карагойшин, - біздің әрбір жобамыз экономиканы нығайтуға ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға, сондай-ақ елімізді халықаралық бизнес үшін сенімді серіктеске айналдыруға ықпал ететініне сенімдіміз».
Сондай-ақ, форум шеңберінде Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен Холдингтің еншілес ұйымы «Отбасы Банк» мен Азия Даму Банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл Меморандум гендерлік теңдікті, орнықты экономикалық өсуді және «жасыл» құрылысты ілгерілетуге бағытталған Қазақстандағы тұрғын үйді инклюзивті және экологиялық қаржыландыруды дамыту үшін негіз болады.