11.09.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
9-11 қыркүйек аралығында «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бастаған қазақстандық делегация құрамында Тяньцзинь қаласында (ҚХР) өтіп жатқан тау-кен өндіру саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі - China Mining 2026 халықаралық конференциясы мен көрмесіне қатысуда.
Іс-шара салалық ынтымақтастық пен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау үшін әлемнің түрлі елдерінен бейінді министрліктердің, жетекші тау-кен өндіру және металлургия компанияларының, қаржы институттарының, инвесторлар мен технология жеткізушілерінің өкілдерін біріктіреді.
2026 жылы конференция мен көрме «Өзара тиімді ынтымақтастық, жасыл және интеллектуалды даму» ұранымен өтуде. Іскерлік бағдарлама министрлер форумын, тақырыптық сессияларды, елдердің инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымдарын және екіжақты келіссөздерді қамтиды. Талқылаулардың негізгі тақырыптары - минералдық ресурстарды игеру, шикізатты терең өңдеу, инвестиция тарту және саланы технологиялық жаңғырту. Көрмеде геологиялық барлау, шикізатты байыту, тау-кен кәсіпорындарын цифрландыру және автоматтандыру шешімдері, сондай-ақ экологиялық технологиялар ұсынылған.
Конференция жұмысына «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғаббас Ержанов та қатысуда.
China Mining іс-шарасына қатысу Холдингке халықаралық инвесторлармен және өнеркәсіптік әріптестермен Қазақстанда жобаларды іске асыру жөнінде тікелей келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді капитал тарту, өңдеу өндірістерін жергіліктендіру және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беретін технологияларды енгізу ерекше қызығушылық тудырады.
Жұмыс бағдарламасы Қазақстанның ұлттық павильонының ашылуынан басталды. Онда отандық тау-кен металлургия кешенінің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Павильон шетелдік инвесторлармен және өнеркәсіптік компаниялармен бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары жөніндегі келіссөздер алаңына айналды.
Іс-шара аясында Холдинг делегациясы бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Zijin Mining Group басшылығымен (мыс, алтын және литий өндіру) өткен келіссөздерде тараптар компанияның Қазақстандағы инвестициялық қызметін кеңейту, өндірістерді жергіліктендіру және минералдық шикізатты терең өңдеу перспективаларын қарастырды.
China National Gold Group компаниясымен (алтын және басқа да түсті металдарды өндіру және өңдеу) кездесуде корпорацияның елдегі алтын кенін игеру және мыс-алтын өндіру жөніндегі ірі жобаларға қатысу мүмкіндігі талқыланды.
Жандос Шайхы сондай-ақ Ерсайын Нағаспаевтың ҚХР Табиғи ресурстар министрі Лю Гохунмен кездесуіне қатысты. Кездесуде геология, минералдық ресурстарды игеру, шикізатты өңдеу және заманауи өнеркәсіптік технологияларды енгізу салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.
Аккумулятор өнеркәсібіне арналған шикізатты өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейтін CATL компаниясының еншілес кәсіпорны CARL-мен ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар шикізатты терең өңдеу, аккумуляторларға арналған компоненттер өндіру және энергия жинақтау жүйелерін дамыту жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Қазақстан үшін бұл бағыттар жаңа өндірістік құзыреттер қалыптастыруға және халықаралық жеткізу тізбектеріне қосылуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан тек шикізат өндірумен және оны экспорттаумен шектелмей, терең өңдеуді, толық циклді өндірістер құруды және заманауи технологияларды енгізуді көздейтін жобаларға мүдделі. Холдинг осындай жобаларды құрылымдауға қатысуға және инвесторларға қажетті қаржы құралдарын ұсынуға дайын», - деп атап өтті Жандос Шайхы кездесу барысында.
Сапардың алдағы бағдарламасында Жандос Шайхының елдің тау-кен металлургия кешенінің инвестициялық әлеуетіне арналған «Қазақстан күні» панельдік сессиясына қатысуы көзделген.
Сондай-ақ Aluminum Corporation of China компаниясымен (боксит өндіру, алюминий шығару) өңдеу өндірістерін жергіліктендіру және компанияның Қазақстандағы жобаларға қатысу мүмкіндіктері жөнінде келіссөздер өткізу жоспарланған.
Ынтымақтастықтың қаржылық тетіктері Қытайдың жетекші инвестициялық банктерінің бірі China International Capital Corporation компаниясымен кездесудің негізгі тақырыбы болады. Тараптар ірі капиталды қажет ететін жобаларды құрылымдау және қытайлық институционалдық инвесторларды тарту мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.
Холдингтің China Mining алаңындағы жұмысы ұзақ мерзімді капиталды, өнеркәсіптік технологияларды және ірі жобаларды іске асыру тәжірибесін біріктіре алатын әріптестер аясын кеңейтуге бағытталған. «Бәйтерек» холдингі үшін отандық шикізатты терең өңдеу, өндірістерді жергіліктендіру, технологиялар трансфері және Қазақстанда тұрақты жұмыс орындарын құру басымдық болып қала береді.