22.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Шымкентте Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел Kazakhstan Global Investment Roundtable 2026 (KGIR-2026) өтті. Іс-шараға Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин бастаған «Бәйтерек» холдингінің делегациясы қатысты. Форум аясында Холдинг қытайлық Guoyou Materials Group компаниясымен сомасы 1 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Делегация құрамына Холдингтің басқарушы директоры Анна Лукина және Қазақстан Даму Банкі Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли кірді.
Форум мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының және шетелдік компаниялардың өкілдерін біріктірді. Пленарлық сессияның негізгі тақырыбы Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі болды. Оның аясында ұзақ мерзімді капитал тарту және экономиканың басым салаларында жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Рустам Карагойшин мен Guoyou Materials Group Директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян қол қойған меморандум Құрық портын дамытудың бірінші кезеңі аясында көпфункционалды терминал салу бойынша ынтымақтастыққа бағытталған. Холдинг еншілес ұйымдарының құралдарын пайдалана отырып, жобаға кешенді қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыруда.
Guoyou Materials Group халықаралық сауда, логистика және жеткізу тізбектерін басқару салаларына маманданған. Штаб-пәтері Тяньцзиньде орналасқан топ 33 еншілес құрылымды біріктіреді. Қазақстанда топтың атынан Маңғыстау облысындағы порт-логистикалық жобаны іске асырып жатқан Kazakhstan Guoyou Investment компаниясы жұмыс істейді.
Құрықтағы жоба бірінші кезеңде жылына 15 млн тонна жүк өңдеуге қауқарлы көпфункционалды терминал құруды және оны одан әрі кеңейтуді көздейді. Порт инфрақұрылымын дамыту Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау мүмкіндіктерін арттыруға, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға және отандық экспорттаушылардың шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Іскерлік бағдарлама шетелдік серіктестермен екіжақты кездесулермен жалғасады. Атап айтқанда, жобаның қаржылық моделін, ықтимал қолдау тетіктерін және оны іске асыру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылау үшін Холдинг делегациясының Guoyou Materials Group басшылығымен келіссөздері жоспарланған.