04.02.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Ағымдағы жылдың 2-4 ақпан аралығында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға жасаған ресми сапары аясында өткен жоғары деңгейдегі іскерлік іс-шараларға қатысты. Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Пәкістан арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты дамыту.
«Бәйтерек» холдингінің делегациясы құрамында Қазақстанның Даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Чайжунусов болды.
Сапар барысында Холдинг делегациясы Пәкістанның жетекші қаржы және инвестициялық институттарының, сондай-ақ логистика, инфрақұрылым және венчурлық секторлардағы ірі компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, TCS Private Limited, Teamup Ventures, Fauji Foundation, House Building Finance Company, Habib Bank Limited, Meezan Bank Limited, Classic Industrial Trading Pvt. Ltd, Norson Chemical Industries және Askari Bank компанияларымен келіссөздер жүргізілді.
Кездесулер барысында тараптар бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективаларын, сауда және жобалық қаржыландыруды дамыту, логистикалық бағыттарды кеңейту, сондай-ақ исламдық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Инвестициялық холдинг ретіндегі жаңа мәртебеде «Бәйтерек» холдингі ұзақмерзімді серіктестік құруға және қосылған құны жоғары жобаларды кешенді сүйемелдеуге басымдық береді. Біз Пәкістанды сауда және инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту тұрғысынан перспективалы әріптес ретінде қарастырамыз және екі ел бизнесінің бірлескен жобаларын іске асыру үшін қаржылық әрі инвестициялық құралдар ұсынуға дайынбыз», – деді Рустам Қарагойшин кездесулер барысында.
Сонымен қатар Холдинг өкілдері мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және Қазақстан мен Пәкістан бизнес қауымдастығының қатысуымен өткен Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумына қатысты. Форум инвестициялар, логистика, көлік, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, қаржылық қызметтер мен цифрлық шешімдер салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған негізгі алаңға айналды. Форум аясында іскерлік кездесулер өткізіліп, екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Пәкістанға сапардың басты нәтижесі – «Бәйтерек» холдингінің бірқатар стратегиялық ынтымақтастық құжаттарына қол қоюы болды.
Атап айтқанда, алғашқы меморандум «Бәйтерек» холдингі, «Kazakh Grain Corporation Ltd» компаниясы және Пәкістанның логистикалық TCS Private Limited компаниясы арасында жасалды. Құжат халықаралық логистика және көлік инфрақұрылымы саласындағы серіктестікті дамытуға, жаһандық жеткізу тізбектерін оңтайландыруға, тарату орталықтарын дамытуға, Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруды көздейді. Сонымен қатар Каспий теңізі инфрақұрылымын жаңғырту және Пәкістан нарығындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қамтылған.
Екінші меморандум «Бәйтерек» холдингі мен Habib Bank Limited арасында жасалып, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-инвестициялық жобаларды қаржыландыру және қолдау саласындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейді. Құжат жобалық және сауда қаржыландыруын, банк және инвестиция салаларындағы сараптамалық тәжірибе алмасуды, сондай-ақ екі ел бизнесінің бірлескен бастамаларына инвестиция тартуды қамтиды.
Үшінші меморандум «Отбасы банк» АҚ мен Meezan Bank Limited арасында қол қойылып, тұрғын үйді қаржыландыру және исламдық қаржы құралдары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Сапар аясында, сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің стратегиялық инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысу мүмкіндіктері, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы транзиттік бағыттарды дамыту, капитал тарту үшін исламдық қаржыландыру тетіктері мен халықаралық қаржы орталықтарының құралдарын пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды.