17.04.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
15–16 сәуірде Астанада MINEX Қазақстан 2026 халықаралық форумы өтті. Бұл алаң мемлекеттік органдар, халықаралық инвесторлар, тау-кен компаниялары мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерін біріктіретін жетекші салалық платформалардың бірі. Форумға 30-дан астам елден 500-ден аса делегат қатысты, олардың қатарында ірі компаниялар мен қаржы институттарының басшылары бар.
Форум аясында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы және басқарушы директор Айдын Ақан, сондай-ақ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли тау-кен металлургия кешенін дамыту және инвестициялық күн тәртібіне арналған стратегиялық сессияларда сөз сөйледі.
Жандос Шайхы «Қазақстан 2030: қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті тау-кен металлургия өндірістерін дамыту» атты стратегиялық сессияға қатысып, қайта өңдеуді дамыту, индустриялық кластерлер қалыптастыру және саланы жоғары технологиялық деңгейге көтеру мәселелерін атап өтті.
Ол өз сөзінде тау-кен металлургия кешені ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін, оның үлесі жалпы ішкі өнімнің 20%-ынан асатынын және экономикалық өсімге елеулі үлес қосып, соның ішінде шамамен 1,2 пайыздық тармақты қамтамасыз ететінін атап өтті. Сонымен қатар, Холдинг бұл саланы басым бағыт ретінде қарастырып, ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын жобаларды өңдеуден түпкі өнім шығаруға дейін қаржыландыруға ерекше назар аударатынын жеткізді.
Сондай-ақ қолдау көлемі мен оның динамикасына ерекше тоқталды: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Холдинг Қазақстан экономикасына кредиттеу, лизинг, сақтандыру, кепілдіктер және үлестік қаржыландыру құралдары арқылы 20 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бағыттады. Бұл ретте тау-кен металлургия кешенін қолдау көлемі 4,5 млрд АҚШ долларынан асты, ал аталған сала Холдингтің инвестициялық жобалар қоржынында жетекші орынға ие. 2022 жылдан бері Холдинг тарапынан қаржыландыру көлемі 10 есеге өсіп, саланың жоғары сұранысын және тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр.
«Біз шикізат өндіруді қаржыландырмаймыз, негізгі назарды қайта өңдеу мен түпкі өнім өндіруге аударамыз. Бұл жаңа құн тізбектерін қалыптастыруға, жұмыс орындарын ашуға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Жандос Шайхы.
Өз кезегінде Айдын Ақан «Қазақстан өсіп келе жатқан жаһандық сұраныс жағдайында стратегиялық маңызды пайдалы қазбалардан қалай барынша тиімді пайда ала алады?» тақырыбындағы стратегиялық сессияда сөз сөйледі. Сессия барысында инвестиция тарту тетіктері, қайта өңдеу өндірістерін дамыту және тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Ол өз сөзінде Холдингтің даму институты ретіндегі рөліне тоқталып, жобаларды кешенді қолдау мен мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, инвесторлар үшін негізгі кедергілердің бірі геологиялық деректерге қолжетімділік, салықтық реттеу және қаржыландыру мәселелері болып отырғанын, осыған байланысты институционалдық қолдау мен үйлестірудің маңызы артып отырғанын атап өтті.
«Біз инвесторлардың бастамалары мен сыни маңызды минералдарды қайта өңдеу саласында жаңа өндірістер құруға бағытталған жобаларын түрлі қаржыландыру құралдары арқылы қолдауға дайынбыз», — деді Айдын Ақан.
Владимир Ли «Тәуекелден табысқа дейін: капиталға қолжетімділікті жаңғырту» атты сессияға қатысып, ҚДБ-ның сирек, жерде сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар материалдар саласындағы жобаларды қолдауға арналған жаңа бағдарламасын таныстырды. Банктың тау-кен металлургиясы кешеніндегі жобаларды қаржыландыруға өтпелі кезеңдегі серіктес ретінде қатысуы аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ҚДБ қолдауы жобалық қаржыландырудың бастапқы кезеңіндегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Владимир Ли ҚДБ-ның пысықталған, құрылымы қалыптасқан жобаларды кейін жекеменшік коммерциялық нарыққа ұсынуға дайын екенін жеткізді.
MINEX Қазақстан 2026 форумына «Бәйтерек» холдингінің қатысуы оның тау-кен металлургия кешенін дамытудағы жүйелі рөлін және қосылған құнды арттыруға бағытталған жаңа инвестициялық модель қалыптастырудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.