16.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
15 шілдеде «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы Қытайдың Sinomach корпорациясы және China International Engineering Consulting Corporation (CIECC) компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге сондай-ақ Alatau City Authority ұйымының инвестициялар жөніндегі бас директоры Кэрол Чжан, Холдингтің басқарушы директорлары Сәкен Олжабаев пен Нияз Көшкімбаев қатысты.
Қытай тарапы Қазақстанда құны шамамен 240–280 млн АҚШ долларын құрайтын астық және май өңдеу индустриялық паркін құру жөніндегі инвестициялық жобаны таныстырды. Жоба аясында Солтүстік Қазақстан, Қостанай немесе Ақмола облыстарының бірінде астық пен майлы дақылдарды сақтау және терең өңдеу кешендерін салу, кейін Алатау қаласында астық қоймасы мен тарату орталығын іске қосу көзделген.
Жоба бойынша жылына 500 мың тоннаға дейін жемдік бидай ұнын, 300 мың тонна бидай ұнын және 200 мың тонна өсімдік майын өндіретін өндірістік қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны іске асырудың алдын ала мерзімі 12–24 айды құрайды.
Жоба Alatau City Authority ұйымымен бірлесіп пысықталуда және 2026 жылғы маусымда Шэньчжэнь қаласында Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік жобаны бірлесіп ілгерілету туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін Алатау қаласында жүзеге асырылатын алғашқы ірі инвестициялық жобалардың біріне айналуы мүмкін.
Кездесу барысында тараптар жобаны құрылымдау және қаржыландырудың ықтимал тетіктерін талқылады. Оның ішінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның қатысуы, жобалық қаржыландыру құралдарын пайдалану, кепілдіктер беру және Холдинг ұсынатын өзге де қаржылық шешімдер қарастырылды.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттарының бірі. Мұндай жобаларды іске асыру отандық өнімнің қосылған құнын арттырумен қатар, еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. «Бәйтерек» холдингі қолданыстағы қаржылық құралдарды пайдалана отырып, еншілес ұйымдарының жобаға қатысу және оны құрылымдау мен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруға дайын», – деді Жандос Шайхы.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы жұмысты үйлестіру үшін жауапты байланыс тұлғаларын айқындауға, сондай-ақ жобаның негізгі параметрлері мен оны қаржыландыру тетіктерін бірлесіп пысықтауды жалғастыруға келісті.
Анықтамалық ақпарат
Sinomach (China National Machinery Industry Corporation) – машина жасау, өнеркәсіптік зерттеулер және инжиниринг саласында жұмыс істейтін Қытай Халық Республикасының мемлекеттік корпорациясы. Компанияда 120 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Оның әлемнің 100-ден астам елінде 350-ден аса шетелдік өкілдігі бар және бір мезгілде 270 халықаралық EPC жобасын жүзеге асыруда.
China International Engineering Consulting Corporation (CIECC) 1982 жылы құрылған және Қытайдағы ең ірі инжинирингтік консалтингтік ұйымдардың бірі болып табылады. Компания инвестициялық жобаларды техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуден және сараптамалық бағалаудан бастап, құрылысқа техникалық қадағалау жүргізу мен нысандарды пайдалануға беруге дейін кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.