Кеңес ал!

30.06.2025

«Бәйтерек» холдингі мен Wabtec Corporation өнеркәсіптік ынтымақтастық перспективаларын талқылады

«Бәйтерек» холдингі мен Wabtec Corporation өнеркәсіптік ынтымақтастық перспективаларын талқылады

2025 жылғы 25 маусымда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы теміржол технологиялары мен цифрлық шешімдер саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі — Wabtec Corporation компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Делегация құрамына Wabtec президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантана, аға вице-президенттер Гохан Байхан мен Қанат Алпысбаев, сондай-ақ компанияның Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Ғайни Дүйсенова кірді.

Кездесудің негізгі тақырыбы — Wabtec компаниясының Қазақстандағы қызметі аясында одан әрі ынтымақтастық бағыттарын талқылау болды. Әсіресе өндірісті жергіліктендіру, теміржол саласын цифрландыру, экологиялық таза технологияларды енгізу және инженер кадрларын даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Кездесуде холдинг құрамына кіретін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның лизингтік қаржыландыру құралдарын пайдалану бастамасы жеке блок ретінде қаралды. Талқылау жаңа техника жеткізу және бұрын пайдаланылған локомотивтерді қайтарымды лизингке беру жайында өрбіді.

Сонымен қатар, қазақстандық өнімдерді экспорттық нарықтарға шығару мәселесі де қозғалды. Атап айтқанда, тараптар көршілес елдерге локомотивтер мен өзге де теміржол техникасын жеткізу географиясын кеңейту мақсатында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның құралдарын пайдалану мүмкіндігін талқылады.

Бүгінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ отандық теміржол саласын жүйелі түрде қолдап келеді. Қор өз қызметі басталғалы бері 16 000-нан астам жүк вагонын және 550-ден астам жолаушылар вагонын жаңартуға қаржы бөлді, сондай-ақ қазақстандық вагондардың Әзербайжан Республикасына экспортталуына ықпал етті. Бұдан бөлек, Қордың қолдауымен Павлодар облысында теміржол дөңгелектерін, құйма бөлшектерді және жол құрылыс элементтерін өндіретін теміржол кластері құрылды.

Бұған дейін, 2015 жылы, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (бұрынғы КазЭкспортГарант) еліміздегі халықаралық деңгейдегі алғашқы экспорттық мәмілені іске асырған болатын — «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ өндірген 10 локомотив Әзербайжанға жеткізілді. Қазіргі уақытта ЛҚЗ мен «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ арасында магистральдық тепловоздарды экспорттау бойынша келіссөздер жалғасуда.

«Wabtec Corporation — еліміздің теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан стратегиялық серіктес. «Бәйтерек» холдингі Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін қолдауға және озық халықаралық шешімдерді енгізуге бағытталған өзара іс-қимылдың жаңа форматтарына ашық», — деді Жандос Шайхы.

Wabtec компаниясы Қазақстанда 1996 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде өндірістік қуаттарды дамытуға, технологияларды жергіліктендіруге және қазақстандық мамандарды оқытуға 230 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салынды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықтың ортақ күн тәртібі аясында жұмыс консультацияларын жалғастырып, нақты бастамаларды бірлесіп пысықтауға келісті.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар