19.12.2024
- Холдинг туралы
Бүгін Мәскеуде өткен Бірінші Еуразиялық конгресс аясында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «ВЭБ.РФ» даму мемлекеттік корпорациясы арасында Инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Екі институт атынан басшылары Айдар Әріпханов пен Игорь Шувалов қол қойды.
А. Әріпханов атап өткендей, «Бәйтерек» холдингі Қазақстан экономикасына инвестициялар құюшылар үшін сенімді серіктес болып табылады, ал олардың табысқа қол жеткізуі қолайлы және ашық нарықтық жағдайлардың жасалуына тікелей байланысты. Сондықтан Холдингтің негізгі қызметтерінің бірі – халықаралық қаржы ұйымдарымен, банктермен, инвестициялық қорлармен және халықаралық компаниялармен өзара тиімді қарым-қатынастарды жолға қою.
- Бүгін біз «ВЭБ.РФ» мемлекеттік даму корпорациясымен Инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Өздеріңіз білетіндей, ВЭБ.РФ – ірі мемлекеттік даму институты болып табылады, оның мақсаты мен міндеттері «Бәйтерек» холдингіне де ортақ деуге болады. Біздің қызметіміз өз еліміздің тұрақты экономикалық дамуына ықпал етуді көздейді. Қол қойылған құжатта өз қызметіміздің барлық бағыттарын қамти отырып, қаржы-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін неғұрлым кеңінен және тиімді іске асыру жолдарын айқындадық, - деп атап өтті «Бәйтерек» холдингінің басшысы.
Келісім шеңберінде бірлескен инвестициялық жобаларды ынтымақтаса іске асыру, сауданы және экспортты қаржыландыру саласында, сондай-ақ Қазақстанда синдикатталған кредитті дамытуда өзара іс-қимыл жасау жоспарланып отыр.
- Қазіргі уақытта, Қазақстанда синдикатталған кредитті дамыту бағытында табысты ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Яғни, жобаларға кредит бірнеше кредит берушілердің қатысуы арқылы беріледі, бұл ретте олардың әрқайсысының қатысу мөлшері, кредит берушілердің жеке міндеттемелері айқындалып, кредит берушілердің көпшілігі немесе барлығы шешім қабылдайды. Өздеріңіз білетіндей, ВЭБ.РФ-нің бұл салада тәжірибесі мол. Біздің ресейлік әріптестеріміз синдикатталған мәмілелерді ұйымдастыру тәжірибесімен, жобалық қаржыландыру фабрикасының ерекшеліктерімен бөлісуде, - деп атап өтті Айдар Арифханов.
Өз кезегінде, Игорь Шувалов Қазақстанмен ынтымақтастық – ВЭБ.РФ-нің халықаралық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі, ал «Бәйтерек» – корпорацияның республикадағы әлеуетті серіктесі екенін атап өтті.
- Бүгінде біз Қазақстанның компанияларына арнайы лизингтік платформа арқылы 11,3 млрд рубльден астам сомаға 5,2 мыңнан жоғары теміржол техникасын, сондай-ақ 0,75 млрд рубль сомаға өзге де техниканы жеткіздік. Тағы да үш жоба: ГРЭС, ЖЭО-ны қайта жаңарту, жүк вагондарын жеткізу қарастырылуда. ВЭБ.РФ-ның қатысу әлеуеті шамамен 20 миллиард рубльді құрайды, - деді Игорь Шувалов.
Ол сондай-ақ, пандемияға қарамастан, ВЭБ.РФ ұжымы «Бәйтерек» холдингімен тәжірибе алмасу тоқтатылмағанын да қоса айтты.
Сонымен қатар, бүгін Бірінші Еуразиялық конгресс шеңберінде Холдингтің еншілес ұйымы – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) екі стратегиялық маңызды құжатқа қол қойды, атап айтқанда, ҚДБ-ға 5,7 млрд рубль көлемінде кредиттік желі ұсынуды көздейтін Еуразиялық Даму Банкімен (ЕАДБ) кредиттік шарт және ВЭБ.РФ, ЕАДБ, Беларусь Республикасының Даму Банкі мен ҚДБ арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
- ЕАДБ-мен жасасқан құжат Қазақстан Даму Банкі кредит беретін басым бағыттар шеңберінде жобаларды қаржыландыру үшін ресей рублімен мәмілелерді іске асырудағы ынтымақтастықтың жаңа бағытына жол бастайды. Ал ҚДБ мен ВЭБ.РФ ынтымақтастығы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының Банк аралық бірлестігі аясында белсенді әрі табысты жұмыс істеп келеміз және қол қойылған құжат шеңберінде Беларусь Республикасының Даму Банкімен жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін де құптаймыз. Бұл тараптардың өз аумағында іске асырылатын, ЕАЭО елдері арасындағы интеграцияны дамытуға ықпал ететін инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселесін бірлесіп қарастыруға жәрдемдесетініне сенімдіміз, - деп атап өтті ҚДБ Басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Айта кететіні, Бірінші Еуразиялық конгресті Еуразиялық Даму Банкі Мәскеу Халықаралық сауда орталығында өткізіп отыр. Конгрестің мақсаты – еуразиялық экономикалық интеграция саласындағы практикалық шешімдерді іздеу және талқылау. Конгресс аясында еуразиялық экономикалық интеграцияның түрлі аспектілері бойынша бірнеше панельдік пікірталастар жоспарланған. «Өтпелі» интеграциялық жобалар ЕАДБ және ВЭБ.РФ бірлескен секциясының басты тақырыбы болды. Пікірталасқа ірі компаниялар мен ұлттық даму банктерінің басшылары қатысты.
Анықтама ретінде:
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сай және Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен тұрақты дамыту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін ҚР Үкіметінің негізгі институты. Холдинг құрамына «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «QazTech Ventures» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС кіреді.
ВЭБ.РФ – мемлекеттік даму корпорациясы. Коммерциялық банктермен және инвесторлармен әріптестік орната отырып, ұлттық жобаларды, соның ішінде жоғары технологиялық өнеркәсіп, шикізаттық емес экспорт, инфрақұрылымды және қалалық агломерацияларды жаңғырту саласындағы жобаларды іске асыруға қатысады.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі
8 (7172) 919205, 87015129048
ВЭБ.РФ Баспасөз қызметі
+7 (495) 721-94-90