08.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
2026 жылғы 7 шілдеде «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ-да SuperX AI Technology Limited технологиялық компаниясының бас атқарушы директоры Лян Цянчжи бастаған делегациясымен кездесу өтті.
Тараптар Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективаларын және осы бағыттағы инвестициялық жобаларды қаржыландырудың ықтимал тетіктерін талқылады.
Холдинг тарапынан кездесуге «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарушы директорлары Сәкен Олжабаев пен Анна Лукина, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарушы директоры Әсем Шәкенова, сондай-ақ «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Бегулиев қатысты.
Кездесу барысында SuperX AI Technology компаниясының өкілдері Қазақстанда жасанды интеллектке арналған деректерді өңдеу орталықтарының (AI Data Center) кластерін құру жобасын таныстырды. Жоба 2026–2029 жылдар аралығында есептеу қуаттарын кезең-кезеңімен іске қосуды көздейді. Бірінші кезеңде қуаты 200 МВт болатын жасанды интеллект кампусын салу, кейіннен оны модульдік қағидат бойынша кеңейту жоспарланған.
Аталған бастама «Цифрлық Қазақстан 2029» ұлттық стратегиясын іске асыруды қолдауға және елімізде өңірлік есептеу қуаттарының орталығын қалыптастыруға бағытталған.
Өз кезегінде Холдинг өкілдері қонақтарды «Бәйтерек» тобының және оның еншілес ұйымдарының экожүйесімен таныстырды. Ол инвестициялық жобаларды кредиттеуді, кепілдік беруді, лизингті, экспортты сақтандыруды және капиталға қатысуды қоса алғанда, 60-тан астам қаржыландыру бағдарламасын қамтиды.
Сондай-ақ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ-ның ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері, сондай-ақ Холдингтің халықаралық және ішкі капитал нарықтарынан қаражат тарту тәжірибесі таныстырылды.
Тараптар жобаны қаржыландыруды құрылымдаудың ықтимал тәсілдерін, оның ішінде қарыз және акционерлік капиталды ұштастыру мүмкіндіктерін де талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны одан әрі бірлесіп пысықтауға және өзара диалогты жалғастыруға қызығушылық білдірді.
Анықтамалық ақпарат
SuperX AI Technology Limited – штаб-пәтері Сингапурда орналасқан жария технологиялық компания (NASDAQ: SUPX). Компания жоғары тығыздықтағы деректерді өңдеу орталықтарына арналған толық циклді жасанды интеллект инфрақұрылымын құру бойынша кешенді шешімдерге маманданған. Оның шешімдеріне GPU-серверлер, электрмен жабдықтау жүйелері, сұйықтықпен салқындату технологиялары және желілік инфрақұрылым кіреді.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ – Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қолдау көрсететін ұлттық даму институты. Холдинг тобы инвестициялық жобаларды қаржыландыруды, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді, экспортты және тұрғын үй құрылысын қолдауды қамтамасыз етеді.