25.09.2024 18:57:00
- Холдинг туралы
20 қыркүйекте «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-да кездесу өтіп, оның шеңберінде Холдинг пен «Шин-лайн» ЖШС компаниясы Қазақстанда пилоттық экополияларды дамытуға арналған жаңа көкжиектер ашатын Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Іс-шараға «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елибаев, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Жолат, сондай-ақ «Шин-лайн» компаниясының президенті Андрей Шин және Компанияның қаржы директоры Жақсылық Минжасов қатысты.
Тараптар Алматы облысындағы азық-түлік кластері аумағында іске асырылмақшы жобалар шеңберінде ынтымақтастық келешегін талқылады. Инфрақұрылымды дамыту және заманауи өндірістік қуаттарды салуға инвестициялар тарту мәселелеріне басты назар аударылды.
«Біз «Шин-лайн» компаниясының азық-түлік саласындағы және холдинг тобына кіретін қаржы институттарымен жұмыс істеудегі мол тәжірибесін ескере отырып, бұл ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп айта аламыз. Бұл жобалар Қазақстанның басқа өңірлері үшін бағдар болып, отандық өндірушілердің халықаралық нарықтарға шығуына ықпал ететініне сенімдімін», - деп атап өтті Рустам Карагойшин.
Ынтымақтастық шеңберінде әртүрлі өнім түрлерін өңдеу талаптарына ыңғайланған заманауи инфрақұрылыммен жарақтандырылған өндірістік кешендер мен қойма үй-жайларын салу үшін шетелдік инвестициялар тартылады деп күтілуде. Бұл озық технологияларды енгізуге, экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашады, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Анықтамалық ақпарат
«Шин-лайн» ЖШС – балмұздақ пен мұздатылған тағамның жетекші отандық өндірушісі, 1995 жылы құрылған. Компания қазақстандық нарықта көшбасшылық позициялардан сәтті орын алды және халықаралық нарықтарда қарқынды түрде кең етек жаюда. Инновациялық тәсілдер мен өнімнің жоғары сапасының арқасында «Шин-лайн» тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал бренд болып табылады.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ – экономиканың басым салаларын қолдау және дамыту үшін құрылған Қазақстанның жетекші даму институты. Холдинг индустриялық даму, инновациялар және кәсіпкерлікті қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.