15.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
14 шілдеде Астанада «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы Roca Kazakhstan компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандеспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қызылорда облысында сантехникалық өнімдер шығаратын зауыт салу жобасының іске асырылу барысын, сондай-ақ жобаны одан әрі дамыту үшін Холдингтің қолдау құралдарын пайдалану мәселелерін талқылады. Кездесуге Холдингтің еншілес ұйымдары – Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі және Қазақстан Тұрғын үй Компаниясының өкілдері де қатысты.
Roca Group Қызылорда облысында Қазақстандағы санитарлық-техникалық өнімдерді өндіретін және құрастыратын алғашқы жоғары технологиялық зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында жылына 500 мың дана өнім шығаратын өндірістік кешен салу, кейін оның қуатын 1 млн данаға дейін ұлғайту, шамамен 300 тұрақты жұмыс орнын ашу және қазақстандық мамандарды даярлау көзделген. Өнім ішкі нарыққа жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады.
Қазіргі уақытта зауытты жобалау кезеңі жүргізілуде. Сонымен қатар Қызылорда облысында инсталляциялық жүйелер мен араластырғыштарды құрастыру өндірісін іске қосуға дайындық жұмыстары қатар атқарылып жатыр.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын қарастырды. Атап айтқанда, болашақ зауыттың айналасында шикізат, жинақтаушы бөлшектер мен қызметтер жеткізушілердің жергілікті тізбегін қалыптастыру үшін қазақстандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қаржыландыру, Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің экспорттық операцияларды сақтандыру және сауданы қаржыландыру құралдарын пайдалану, сондай-ақ Холдинг ұйымдары қаржыландыратын тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылым жобаларында Roca өнімдерін қолдану мәселелері талқыланды.
– Roca Group жобасы Қазақстанда өнеркәсіптің жаңа саласын қалыптастырып, отандық өнім жеткізушілердің тауарларына сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Холдинг проактивті инвестициялық саясатты іске асыру аясында жергілікті өндірушілерді қолдаудан бастап экспорттық қаржыландыруға дейінгі қаржы құралдарының толық спектрін ұсынады. Бұл зауыттың жобалық қуатына шығуына және өңірлік өндірістік хабқа айналуына ықпал етеді, – деді Жандос Шайхы.
Аталған кездесу 2026 жылғы 23 маусымда Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында Брюссельде өткен келіссөздердің жалғасы. Сол кезде Холдингтің Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин мен Roca Group компаниясының бас атқарушы директоры Альберто Магранс ынтымақтастық мәселелерін талқылап, компания Холдингтің борыштық қаржы құралдарын тартуға қызығушылық білдірген болатын.
Анықтамалық ақпарат
Roca Group 1917 жылы Барселона қаласында құрылған және жуынатын бөлме жабдықтарын өндіруге маманданған. Компания әлемнің 170 елінде жұмыс істейді, оның құрамында 76 зауыт бар және онда 21 мыңнан астам адам еңбек етеді. Компанияның 2024 жылғы айналымы 2 млрд еуродан асты.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ – құрамына 9 еншілес және тәуелді ұйым кіретін Қазақстанның ұлттық даму институты. Холдинг экономиканың басым секторларындағы жобаларды іске асыру үшін кредит беру, лизинг, кепілдік беру, экспортты қолдау және тікелей инвестициялау құралдарын ұсынады.