19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин Raiffeisen Waren GmbH компаниясының Бас атқарушы директоры Марио Зосемен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты — Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторында стратегиялық серіктестікті дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылау болды.
Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы — «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы серіктестікті дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Әңгіме барысында қазақстандық фермерлер үшін заманауи ауыл шаруашылық техникасын жеткізу және қаржыландыру нұсқалары қарастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында Fendt және Valtra техникасын құрастыру зауыты мен сервистік орталықтарды құру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
«Қазақстан мен Германия көптеген жылдар бойы стратегиялық серіктес болып келеді. «Бәйтерек» холдингі неміс компанияларымен белсенді түрде ынтымақтастықта жұмыс істейді және бұл серіктестікті, әсіресе, агроөнеркәсіп секторында нығайтуды көздейді. Raiffeisen Waren GmbH компаниясының Қазақстанда тіркелгені бізді қуантады — бұл болашақта серіктестікті дамыту және нарықтағы позицияларыңызды нығайту жолындағы маңызды қадам», — деп атап өтті Рустам Карагойшин.
Сондай-ақ, ол «ҚазАгроҚаржы» компаниясының Fendt және Valtra сияқты өндірушілердің техникасы мен жабдықтарын лизингке беру бойынша мол тәжірибесі бар екенін айтты. Соңғы 25 жылда «ҚазАгроҚаржы» арқылы 3,9 миллион еуроға 34 техника бірлігі берілген.
Raiffeisen Waren GmbH компаниясының Бас атқарушы директоры Марио Зосе Қазақстанда ауыл шаруашылық техникасын құрастыру кәсіпорнын құруға қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастыққа сенімділік білдіріп, қазақстандық шаруалар үшін заманауи ауыл шаруашылық техникасының қолжетімділігін арттырып, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланысты нығайтатын бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады.
Анықтама:
Raiffeisen Waren GmbH — 130 жылдан астам сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істеп келе жатқан компаниялар тобы. Компанияның негізгі қызмет бағыттарына агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығы техникасы, құрылыс материалдарымен, энергия көздерімен сауда жасау және жанармай құю станцияларын басқару кіреді. RW Group-тың штаб-пәтері Германияның жүрегі саналатын Кассель қаласында орналасқан және оның Германияда, Данияда, Польшада, Өзбекстанда және Қазақстанда 220-дан астам нүктесі бар.